Ж. А. Манкеева ЖҰмыстың жалпы сипаттамасы icon

Ж. А. Манкеева ЖҰмыстың жалпы сипаттамасы


Схожі
Ж. А. Манкеева Жұмыстың жалпы сипаттамасы...
5В090500– «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша оқу бағдарламасының жалпы сипаттамасы...
5В010800 – «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқу бағдарламасының жалпы сипаттамасы...
5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша оқу бағдарламасының жалпы сипаттамасы...
5В071300 – «Көлік...
Операциялық жүйе Windows 2000...
Автор: доцент, т.ғ. к. Ахметова Н. К...
3 «экономиканы мемлекеттік реттеу» ПӘнінің сипаттамасы...
«Қаланың жалпы орта білім беру сапасын жүзеге асырудағы қызмет жүйесі оқу үрдісі субъектілерінің...
Бастауыш, негізгі орта...
Менің тақырыбының аты “Қазақстан Республикасындағы және шет мемлекеттеріндегі кәсіпкерлік...
Диплом бойынша мамандығы...



страницы:   1   2



ӘОЖ: 811.512.122' 373.231 Қолжазба құқығында


ӘШІМБАЕВА НАҒИМА МӘСІМАХЫНҚЫЗЫ


БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ АТАҚ-ЛАУАЗЫМ

АТАУЛАРЫНЫҢ ТІЛДІК СИПАТЫ


10.02.06 – түркі тілдері


Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның


а в т о р е ф е р а т ы


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009


Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.

^

Ғылыми жетекшілері: филология ғылымдарының


докторы, академик Ә.Қайдар

филология ғылымдарының


докторы Р.Шойбеков


Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Жанұзақ

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Ж.Отарбекова


Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті


Диссертация 2009 жылы «22» желтоқсанда сағат 16.00-де ҚР БжҒМ ҒК Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациясымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Автореферат 2009 жылы «20» қарашада таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева


^ ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тілдік жүйенің тарихи-мәдени құрылымын анықтау – тарихи лексикологияның күрделі мәселелерінің бірі.

Ата-бабаларымыз басқа халықтар сияқты жаңадан құрылған қауымдағы билік ету, ұжымды ұйымдастыру жүйесін қалай болса, солай емес, қоғамдық-әлеуметтік қажеттіктен туындаған ыңғайына қарай құра білген. Сондықтан бір атақ-лауазымның мәні екінші атақ-лауазымнан атқаратын жүгі мен жауапкершілігіне қарай сатыланған түрінде жоғары не төмен болуына, мәртебесіне қарай билік жүргізу тәртібіне, сый-құрметіне және т.б. ерекшеліктеріне сәйкес анықталып, белгіленген.

Міне, осы заңды талап атақ-лауазым жүйесінде ғасырлар бойындағы тәжірибе нәтижесінде жалпы қоғам мақұлдап, қабылдауы арқылы жүзеге асып, қалыптасқан. Лексикалық байлықтың ерекше бір саласын құрайтын, бірыңғай тақырыптық жүйе ретінде атақ-лауазым атауларының белгілі бір мағыналық топ қалыптастыруы – қоғам, қауым, хандық, ұлыс, мемлекет құрып келген барша түркі халықтары үшін көп жағдайда ортақ құбылыс. Осыған байланысты түркі тілдерінде көптеген мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер қалыптасып, олар лауазымды адамдардың қызмет-әрекетіне қатысты ұлттық болмысты, бейнелеп, дәйектейді. Пайымдап қарағанда, атақ-лауазымға ие болған субъектілер көп жағдайда өздері басқарып отырған қоғамның бір сипаты болып саналады.

Атақ-лауазымға байланысты лексиканың ең басты ерекшелігі – өз бастауын сонау көне дәуірлерден алып, үнемі даму үстінде қалыптасып, даму үдерісінде толығып, өзгеріп, жаңарып, жаңаланып отыруында. Сондықтан да, лексиканың бұл саласы – қазақ этносының сатылы дамуының, қоғамдық өзгерісінің, ру, тайпа, ұлыс, халық, ұлт болып қалыптасу кезеңдерінің бірден-бір куәгері, халықтың өзімен де, тілімен де бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан көне мұрасы. Жәдігер іспетті тілімізде хатталып, көненің көзіндей көңілімізде, жадымызда сақталып қалған бұл атаулар мен олардан туындаған көптеген тұрақты тіркестерді, мағыналық бірліктерді түгел жинап, жүйеге салып, мазмұны мен мәнін саралап, «сөйлете» білсек, олардың өткен тарихымыздан сыр шертіп, бүгінгі рухани өміріміз бен тарихи танымымызды байыта түсетіндігі тақырыптың өзектілігін сипаттайды.

Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипаты туралы қазақ тіл білімінде айтылған кейбір жеке-дара пікірлер болмаса, күні бүгінге дейін, өкінішке орай, арнайы зерттеу нысаны болмауы да мәселенің өзектілігін танытады. Оның басты бір себебі - атақ-лауазым, дәреже-мәнсап т.б. көне дүниенің көзі іспетті, тарихи лексикология нысанына жататын және бүгінгі таңдағы қолданысы көбіне-көп тарихи шығармалармен шектелген, сирек қолданысына байланысты мағынасы белгілі бір дәрежеде күңгірттенген, сондықтан да этимологиялық зерделеуді қажет ететін көне де байырғы дүние болуына байланысты. Демек, бұл зерттеу қазақ халқының этномәдени мұралары мен тарихын, рухани байлығын жинап-теруге байланысты жүргізіліп отырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бағытындағы зерттеулерге өзіндік үлесін қоса алатындығы да жұмыстың өзектілігін айқындай түседі.

^ Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тіліндегі және салыстырма дерек ретінде туыстас басқа түркі тілдеріндегі атақ-лауазым атауларының әлеуметтік орны мен танымдық мәні, олардың этнолингвистикалық сипаты және соған қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер.

^ Зерттеу жұмысының пәні. Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипаты.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тарихи даму барысында қалыптасқан жүйесі мен мәртебесін, деңгейін, этнолингвистикалық сипатын, мағыналарын, дамуының ішкі-сыртқы дереккөздерін зерделеу – зерттеу жұмысының негізгі мақсаты. Сол мақсатқа жету жолында төмендегідей нақтылы міндеттер белгіленді:

  • атақ-лауазым атауларына қатысты зерттеулерге, нақты мәліметтер мен деректерге тақырыптық-мағыналық тұрғыдан ғылыми шолу жасау;

  • байырғы қазақ қоғамында дүниежүзілік стандартқа сай мемлекеттілік, оның басқару жүйесі мен өзіндік ерекшеліктері болғандығын атақ-лауазым атауларына қатысты тілдік және экстралингвистикалық фактілерді жинақтап, талдау арқылы дәлелдеу;

- жалпы түркі әлеміне (тілдеріне) қатысты ерте замандардан бері қолданылып келе жатқан атақ-лауазым атауларының қолданыс ауқымы мен сапалық, сандық, мағыналық сипатын айқындау;

- ол атаулардың жалпы қолданыс шеңберін, түркі әлемін, соның ішінде қазақ қауымын қоршап, атақ-лауазым атауларының іштей-сырттай дамуына әсерін тигізіп келген ірі-ірі туыстас, көршілес, қарым-қатынаста болған басқа мемлекеттердің (хандық, қағандық, империялар мен патшалықтардың) ықпал жасаған тарихи кезеңдері мен дәуірлеген мезгілін анықтау, нақтылы тілдік ауыс-түйістерді көрсету;

- атақ-лауазым атауларының тарихи кезеңдерін, тілдік дереккөздері мен тегін айқындау арқылы оларды тақырыптық, мағыналық топтарға жіктеу;

- атақ-лауазымдардың жасалу тәсілдерін сараптай келе, олардың түркі тілдер (соның ішінде – қазақ тілінің өзінде) негізінде, басқа көрші (қытай, араб, иран, славян т.б.), туыс (моңғол, түркі) тілдер арқылы еніп, қалыптасу үдерісіне назар аудару;

- атақ-лауазым атауларының қазақ тіліндегі, сондай-ақ, кейбір түркі тілдеріндегі мақал-мәтелдердің құрамына еніп, олардың халық арасына кеңінен тарап, ел-жұрттың салт-тұрмыстық жағдайымен етене араласуын нақты дәйектеу;

- атақ-лауазымдардың сатылы деңгейіне қарай іштей топтастырылуы;

- тақырыптық топтарға жүйеленген атақ-лауазымдарды мағынасына қарай өзара байланысын, олардың түбірлестігін, айырмашылықтарын көрсету;

- жеке атаулардың ұмыт болған мағына-тұлғаларының этимологиясын анықтау.

^ Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыстың мақсат-міндеттеріне сәйкес онда қаралуға тиісті материалдарды жинау барысында сұрыптау, жүйелеу, сипаттама, тарихи-салыстырмалы; тақырыптық топтар мен уәжділігін айқындауда аналитикалық-семантикалық; атақ-лауазым атаулары мен оған қатысты мақал-мәтелдерді халықтық ұғым-түсініктермен байланыстыра отырып талдау үшін этнолингвистикалық тұрғыдан сипаттау тәсілі; кейбір атаулардың шығу төркінін ашуда этимологиялық әдістер қолданылды.

^ Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде түркі, араб және қытай тілдерінде жазылған жазба ескерткіштер (Махмұд Қашғари «Дивони лұғат ит түрк», Қадырғали Жалайри «Жамиғат-тауарих» және т.б.), қазақ хандығы тұсындағы жазба ескерткіштер (Әбілғазының «Түрік шежіресі», қазақ хандарының жарлықтары және т.б.), Рашид-ад-диннің, Мұхамед Қайдар Дулатидың тарихи шығармалары, синолог мамандардың түсіндірілуімен берілген қытай жылнамашыларының тарихи мәліметтері, ақын-жазушылардың көркем шығармалары (І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, Қ.Исабаев, Ж.Тұрлыбаев, Н.Мыңжан, Қ.Салғараұлы, Тарақты Ақселеу және т.б.), билер сөзі, билер соты туралы ережелер, шешендік сөздер (С.Негимов, 1997), мақал-мәтелдер (Ө.Тұрманжанов, К.Ахметбекұлы, 2004), Көне түркі тілінің сөздігі, Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі (1966), Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі (І.Кеңесбаев, 1977), Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (он томдық: 1974-1986), Қазақ әдеби тілінің сөздігі (он бес томдық), Қазақ тілінің аймақтық сөздігі (2005), Ә.Қайдардың «Халық даналығы» және «Тысяча метких и образных выражений» сөздіктері, Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» еңбегі, Е.Жанпейісовтің «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» еңбегі, ұлттық энциклопедиялар және т.б. алынды.

^ Зерттеу жұмысының әдістанымдық негіздері. Зерттеу жұмысына қазақ тіл біліміндегі Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Жанұзақ, М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Ө.Айтбаев, К.Хұсайын, Н.Уәли, Ж.Манкеева, Р.Шойбеков және т.б. ғалымдардың зерттеу қағидалары теориялық-әдістанымдық тұрғыдан басшылыққа алынып, жұмыстың орындалып шығуына ғылыми негіз болды.

^ Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тіліндегі атақ-лауазым атауларының, оған байланысты қалыптасқан мақал-мәтелдердің мазмұны, жүйесі, түрлері мен шығу негізі – осы уақытқа дейін қазақ тіл білімінде арнайы зерттелмеген тың тақырыптардың бірі. Сондықтан атақ-лауазым атауларын қамтитын лексикалық бірліктер алғаш рет зерттеу нысанына айналып отыр. Жұмыстың басты жаңалығы – жинақталған атақ-лауазым атауларының белгілі бір жүйеге түсіріліп, синхронды-диахронды тұрғыдан талданып, этномәдени аспектіде қарастырыла отырып, этнолингвистикалық мағыналары мен қалыптасу жолдарының анықталуы.

Атап айтқанда, зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтарының қатарына мына нәтижелерді жатқызуға болады:

- атақ-лауазым атаулары лингвистикалық тұрғыдан жүйеге түсірілді;

- атақ-лауазым атаулары қалыптасуының тарихи кезеңдері анықталып, сол кезеңдер негізінде топтастырылды;

- атақ-лауазым ұғымында қолданылатын атаулардың мағыналық өрісіне талдау жасалды;

- ел басқару ісінің жеке-жеке түрлеріне байланысты атақ-лауазым атауларына лексика-семантикалық сипаттама беріліп, олардың мағыналық-тақырыптық топтары айқындалды;

-мақал-мәтелдерде сақталған атақ-лауазым атауларына сипаттама беріліп, құрамында атақ-лауазым атаулары бар фразеологизмдердің қалыптасу уәждері айқындалды;

  • этнос мәдениетімен байланыстыра зерттеу нәтижесінде атақ-лауазым атауларының этномәдени мазмұны ашылды; хандық билік пен хан түрлеріне, билік айту мен би түрлеріне және т.б. байланысты атаулар түркі тілдері деректерімен салыстырылып, этнолингвистикалық сипаттама берілді;

  • кейбір атаулардың даму барысындағы мағыналық өзгерістері, қолданылу аясындағы өзгешеліктері анықталды;

  • бірқатар атақ-лауазым атауларының шығу төркіні жөнінде тұжырым-топшылаулар жасалды.

^ Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Белгілі бір халықтың дүниетанымын, ой-санасын, өркениеті мен мәдениетін тіл арқылы, оның ақпараты арқылы білу – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан қазақ тіліндегі атақ-лауазым атауларының этнолингвистикалық табиғатын ашып берудің, олардың этномәдени мағыналарын анықтаудың мәні ерекше болмақ. Осыған байланысты зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен нәтижелер қазақ тіл білімінің лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, тарихи лексикология салаларына өз деңгейінде теориялық үлес қоса алады.

^ Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Бұл зерттеу жұмысының нақты тұжырымдары мен нәтижелерін жоғары оқу орындарында оқытылатын – тіл тарихы, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының теориялық курстарын оқытуда, түрлі семинарлар мен арнайы курстарды жүргізуде пайдалануға болады.

Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін лексикографиялық тәжірибелерде – сөздіктер түзуде және т.б. елтанымдық, мәдени қарым-қатынас жасау салаларында да практикалық тұрғыдан тиімді пайдалана білудің өзіндік құндылығы бар деуге болады.

^ Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- атақ-лауазым атаулары – белгілі бір тарихи дәуірде өмір сүріп, елді басқару, билеу жұмысына қатысып, мәнсап-дәрежеге ие болған тарихи тұлғалардың атаулары;

- уақыт пен кеңістік контексінде қарастырылған ұжымдағы әлеуметтік мәртебесі мен іс-әрекетіне сәйкес атақ-лауазым атаулары әлеуметтік топқа байланысты ұғыммен астасып жатады;

- атақ-лауазым атаулары – этностың ұзақ тарихи даму процесінің жемісі; көптеген атақ-лауазым атаулары түркі тілдеріне ортақ, сондықтан олар түркі тілдері деректерімен тығыз байланыстыра отырып зерттеуді қажет етеді;

- зерттеліп отырған лексикалық тіл байлығында ел басқару мен билік айтуға, атақ-лауазымға байланысты мәдени ақпарат қана емес, онда қазақ халқының мәдениеті, менталитеті, көзқарасы мен дүниетанымы, өзіндік болмысын көрсететін құнды деректер сақталған; осымен байланысты түркі халықтарына ортақ жазба ескерткіштер бізге мыңдаған жылдық қоғамның әлеуметтік қалпын жеткізіп отыр;

- байырғы қазақ қоғамындағы ел басқару ісі әулет басқару, ауыл басқару, ел басқару, ұлыс басқару, хандықты басқару, билік жүргізу, әскер басқару сияқты түрлерге бөлініп, олардың әрқайсысы ұлттық қасиеттерімен ерекшеленеді;

- битану дәстүрі – тек қазақтарда ғана қалыптасқан сыры мол, халықтың рухани болмысымен қабаттасып жататын күрделі ұғым; қазақ қауымында билер, жалпы би институты өте жоғары бағаланған, оларды әділдіктің бірден-бір тірегі деп санаған;

  • атақ-лауазым атаулары ақпараттылығы, этнос құндылықтарын бойына жинақтаған ерекшелігі тұрғысынан қазақ тілінің әлеуметтік, қоғамдық-саяси, дипломатиялық лексика қорын байытуға үлес қоса алады;

-ұлтты тану жолындағы сүйенетін ақпараттардың бірі – атақ-лауазым атаулары; атақ-лауазымға байланысты қалыптасқан мақал-мәтелдер – тарихи-әлеуметтік құбылыстар мен жағдаяттарды бойына жинақтаған тілдік дереккөздер; сондықтан олар – тарих пен уақыттың табын бойына сақтап келген рухани шежірелік сипатымен құнды мұралар;

  • қазақ мемлекетіндегі хан сайлау дәстүрі – қазақ қоғамы үшін ұлы саяси оқиға ғана емес, үлкен этномәдени, қоғамдық құбылыс;

  • атақ-лауазымдарды жүйелеу, реттеуде маңызды қызмет атқарған, атақты билердің қатысуымен жасалған «^ Жеті жарғы»- қазақ мемлекетін нығайтуға қызмет еткен, ел ішіндегі құқықтық қарым-қатынастарды реттейтін заңдар жинағы;

  • атақ-лауазым иелеріне жан-жақты баға беріп, әділетін айту қазақ мақал-мәтелдерінде молынан сақталған және олардың этнос болмысын танып-білуге қосар үлесі де зор;

- атақ-лауазым атаулары қазақ этносы қалыптасуындағы мәдениет жалғастығын көрсетіп, қазақ қоғамының әр дәуірдегі қалпын, қалыптасу, даму үрдісін сипаттайды.

^ Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері «Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2001), «А.Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), «Ә.Қайдар және тіл білімінің мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), «Академик Ө.Айтбайұлы және тіл білімінің мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, «Философия. Мәдениет. Ойлау. ІҮ Қасымжанов оқулары» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Алматы, 2008), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік лингвистикалық семинарда (1999 жыл, қараша; 2002 жыл, сәуір) баяндалды.

Зерттеу жұмысы бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдарында, ғылыми басылымдарда 11 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.


^ НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың жариялануы туралы мәлімет беріледі.

Жұмыстың бірінші тарауы «Қазақ тіліндегі атақ-лауазымдарға қатысты атаулардың тарихи-мәдени аспектісі» деп аталады. 1.1 «Атақ-лауазымдарға қатысты атаулардың тарихи қалыптасуы» атты бірінші тараушада атақ-лауазымдардың жалпы түркі әлеміндегі қолданысы және мағыналық ортақтық, ұқсастық бар екендігі, оны анықтаудың жолдары, тарихи ескерткіштердегі, қытай тіліндегі еңбектер бойынша атақ-лауазымдарға қатысты мәселелер қарастырылады.

Жер бетіндегі басқа халықтарға қарағанда түркі халықтарының тарихи жазба ескерткіштері – тас бетіне, зат бетіне таңбаланып, ерте кезеңдердегі, тіпті біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық қоғамның, одан кейінгі әлеуметтік жүйенің қалпын бізге жеткізіп отыр.

Мәселен, тек Талас өзені аймағында алты түрлі алуан жазудың тас бетіне түсуі - осының айғағы. Осының бәрі, жинақтай келіп қарағанда, «түркі әлемі» деп отырған қоғамдастықтың жалпы Еуразия елдеріне тигізген әсері, мәдени ықпалы мен өркениетті үлгісі аз болмаса керек. Мұның өзі билік жүйесіне де қатысты. Бұл саладағы атауларды диссертациялық тақырып етіп алып, зерделеп, шыққан төркінін, мағына-мәнін, қалыптасу және қолдану уәжділігін анықтау – өткен тарихымызды таратып танудың бір жолы деп санаймыз.

Пайымдап қараған адамға, атақ-лауазымдардың жалпы түркі әлемінде қолданысы және мағынасы жағынан, дәлме-дәл болмаса да, бір ортақтық, ұқсастық бар екені байқалады. Оны анықтаудың екі жолы бар. Біреуі – сол саладағы атауларды тілдік дерек ретінде салыстыра-салғастыра қарау да, екіншісі – хронологиялық принципке сай түркі әлеміне ортақтығына байланысты тарихи дәуірлену кезеңдері бойынша өзара жіктеу, топтастыру. Осы тұрғыдан алып қарағанда жалпы, түркі тілдеріне тән және солардың бірі – қазақ тіліндегі толық және жартылай ортақ атақ-лауазым атауларын 5 дәуірлік топқа бөліп қарауға болады. Осындай дәуірлеуге байланысты оларды мынандай тақырыптарға бөліп қарастырамыз: 1) Ғұн дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (б.з.д. Ү – б.з. Ү ғ. дейін); 2) Көнетүркі дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ҮІ-ХІІ ғ.ғ.); 3) Ортатүркі (Шыңғысхан) дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХШ-ХІҮ ғ.ғ.); 4) Жаңатүркі дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХҮ-ХІХ ғ.ғ.); 5) Қазақ хандығының отарлануы дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХІХ ғ.).

Бұл хронологиялық межелер біздің шартты түрде алып отырған дәуірлерімізге жатады да, түркі әлемі тарихында оны бұлайша жіктеу байқалмайды. 1.1.1 «Ел басқару ісінің түрлері мен оған қатысты атақ-лауазым атаулары» атты тараушада ел басқару жұмысы ерте кезде әулет басқару ісіне, ауыл басқару ісіне, ел басқару ісіне, ұлыс басқару ісіне, хандықты басқару ісіне, билік жүргізу ісіне, әскер басқару ісіне және тағы да басқа көптеген түрлерге бөлінгендігі және әрқайсысы өзіндік әдісті, қабілетті талап еткендігі сөз болады. Сонымен қатар сол бір күрделі кезеңдегі елдің қалыптасу тарихындағы ел басқару құрылымына шолу жасалып, әулет басқару ісі, ауыл басқару ісі, ел басқару ісі, мемлекетті басқару ісі, хандық лауазым, би міндеті, әскербасы (сарбаз) билігі, ақылгөй ақын (сарай ақыны), уәзірлер тобының ел басқарудағы рөлі, төлеңгіттердің атқаратын істері, қазақ халқының битану дәстүріне қатысты тілдік, тарихи деректер кеңінен беріледі.

      1. «Ғұн дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары» деген тараушада түркі елінің ежелгі тарихына қатысты деректерге сүйене отырып, Түркі империясы және Моңғол империясының мемлекет құру мен оны билеп-басқару жүйесіндегі көптеген ұқсастықтардың болғандығы туралы түрлі мәліметтер келтіріледі. Сол ұқсастықтардың ең бастысына – халықтардың өз тілінде қалыптасып, ұрпақ дәстүрінде сақталып келе жатқан атақ-лауазым атаулары жататындығы айтылады.

Ғұн дәуірінде қолданылған атақ-лауазымдардың жалпы сипатына тоқталу үшін қазақ тарихына тікелей қатысы бар қытай деректеріндегі, соның ішінде «Сиуңну» кітабынан аударып, құрастырылған «Таным тармақтары: Қытай тарихшыларының көне тарихымыз жөніндегі пайымдаулары» және «Ғұн тарихының жылнамасы» атты жарияланған қолжазбалардағы тілдік бірліктер пайдаланылды.

Түркітанушы ғалымдардың пікірі бойынша, ғұн туралы қытай естеліктерінде кездесетін атақ-лауазымдар саны өте аз және қытайша жазылуы олардың нұсқасын дәл бере алмайды. Осының салдарынан ғұндар мен түркілердің генеологиялық ортақтығы көп сөз болмай келгені белгілі.

Алайда, қытай қолжазбаларының табиғаты, әсіресе кейінгі кезде кеңірек ашылып, ғылыми айналымда түркі тілдеріне аударылған тарихи деректердің көбейе түсуі оларды зерттеушілердің бұл құбылысқа ерекше назар аударуына себепкер болды.

Біз қарастырып отырған қолжазба деректерінің бір артықшылығы, қолжазбаларда бұл атақ-лауазымдардың қытай тіліндегі аудармасы емес, сол өздерінің бастапқы нұсқасында, сол кездегі аталуынша және нақтылы мәтіндерде қолданылуы бойынша беріліп, басым бөлігінің мағынасы түсіндірілген.

Бұл атақ-лауазымдардың түркі халықтарының тіліне тән екендігін бірден тануға болады. Өйткені күрделі сөз түріндегі атаулардың құрамында, не өз алдына жеке атау түрінде түркі тілдеріне тән сөздер кездеседі. Мысалы: аға тәңірқұт, құт, аға, білге, хан, кіші, тете, бек, бас, жасауыл, уәли, ордабек, даяшы, бақауыл, күзетбасы, даяшыбасы, бас абыз, тұтқауыл, күнби, мыңбасы, жүзбасы, онбасы, бас жасауыл, төреші абыз, тәңірқұт, уәзірбасы, аламанбасы, аймақбасы, шабандоз, сол қол аламанбасы, қорғаушы тұтқауыл бек, сардарбасы, тілмаш, сол бас сақа, ішкі бек, басқақ, нақбек т.б.

Бұл атаулардың түркі тегіне тән екендігін білдіретін тағы бір белгісі жазба нұсқаларының мәтіндерінде берілген олардың мағынасынан да айқын көрінеді. Былайша айтқанда, қытайшасынан аударылып берілген қазақшасында бұл атақ-лауазымдардың барлығына түсінік те табуға болады. Олар не ғұндардың, не қытайлықтардың мемлекетіне ғана тән атақ-лауазымдар емес, ғұн империясының құрамындағы түркі халықтарының хандықтарына тән жазбалары мен түсініктемелері де кездеседі. Мысалы: «Ғұн тарихының жылнамасында»:

«Тәңірқұт дегеніміз – Күн (бейнелі) ұлықтың аспандай бейнесін білдіретін, тәңір мен құтқа баланған мәртебесі…» [1, 21 б.].

Бұдан әрі: «Ғұндарда тәңірқұттан төмен: сол білге хан, оң білге хан, сол жанақ хан, оң жанақ хан, сол сардар, оң сардар, оң, сол аға, бас жасауыл, сол, оң аға даңға, сол, оң құтазу қатарлы мәртебелі лауазымдар болған. Барлығы 24 әскери-әкімшілік шен болған. Барлық үлкен мәнсаптар атадан балаға мұра болып қалады» [1, 21 б.]. Бұл мәтіндегі жиі қолданылып тұрған «оң», «сол» сөздері жалпы түркі әлемінде билігі жүретін қауымның (хандықтың, өлкенің, елдің) оң не сол бөлігін (батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік мағынасындағы бөлігін) басқаруды анықтайтын шартты ұғымды білдірген. Ол сөздің билік дәрежесіне де қатысты болуы мүмкін. Өйткені «оң» және «сол» антонимі қатар келгенде «сол» «оңнан» биіктеу дәрежені білдіріп, бұрын айтылатынын көреміз.

      1. «Көнетүркі дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары» атты келесі тараушада «көнетүркі дәуірі» дәуірін сипаттайтын атақ-лауазымдар сөз етіледі. Көнетүркі тіліндегі ел басқару құрылымына қатысты атаулардың негізгі дені мемлекеттік қызмет түрлерін айқындайтын әрқилы дәрежелі атақтар мен лауазымдар болып келеді.

Көнетүркілердің саяси құрылымын толық сипаттайтын атаулар отыздан астам. Тарихшылардың осы мәліметін ескерсек, түркілердің билік тұтқаларын сипаттайтын қаған, тегін, яғбу, шад, тархан, тұтұқ, бұйрық, шор, елтебер, еркін, бек тәрізді атаулар сол дәуірдегі көнетүркі тіліндегі мемлекеттік құрылым атауларының қалыптасқан жүйесін құрағаны сөзсіз [2, 13 б.].

Көнетүркі тіліндегі бұл атаулардың барлығы да біздің дәуіріміздің V-VІІ ғасырларында өмір сүріп, қазақ ұлтының этногенезін құраған көк түркілердің саяси құрылымының сипатын ғана көрсетпейді, сонымен бірге ол – қазақ мемлекетінің негізі осы кездерде қалыптасқандығын дәлелдейтін тілдік дәйек.

Біз қытай жылнамалары арқылы көне түркі қағанаты мемлекеттілігі озық болып саналатын Қытаймен терезесі тең мемлекет болғанын білеміз. Олардың мемлекеттілігінің тағы бір белгісі – территориясының әкімшілік аймақтарға бөлінуі. Елдің ең жоғарғы билеушісі қаған атауымен белгіленді де, оң қанатқа және сол қанатқа бөлінген аймақ әкімдері – шад және жабғу деп аталды. Одан кіші тайпалық бірліктер басында елтеберлер, ал тіпті ұсақ рулар көсемдері еркін және шор лауазымдарын иеленген [1, 78 б.].

1.1.4 «Ортатүркі (Шыңғысхан) дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары» деп аталатын келесі тараушада Қазақстан аумағындағы ең әуелгі таптық мемлекеттердің орнын басқан орта ғасырлардағы жаңа тұрпатты мемлекеттер өздерінің саяси-әлеуметтік құрылымы жағынан ірі феодалдық мемлекеттер болғандығы айтыла келіп, оларға жататын ең алдымен, қарахандар мемлекеті, содан соң наймандар мен керейттердің саяси одағы және қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігі туралы шолу жасалып кетеді.

Зерттеуіміздің барысында байқағанымыз Қараханидтердегі мемлекеттік лауазымдарда, негізінен, түркілік атаулар пайдаланылған. Мысалы, мемлекет басшысы хақан немесе тамғаш хан деп аталады, оның ортақ семантикасы «хандардың ханы» дегенге келеді. Сарай маңындағы «ақ сүйектер» тобы «азұн тұтқушы» деген әлеуметтік атаумен берілсе, шенеуніктерінің ортақ атауы «тапұқшылар» деп аталған.

Көне түркілердің саяси басқару жүйесіндегі атаудың бірі еркін қараханидтер мемлекетінде көл эпитетімен кездеседі. Махмұд Қашқари өзінің атақты «Түркі тілдер сөздігінде» оның мағынасын жоғарғы билеушінің көл-көсір ақылымен байланыстырады. Орта ғасырлардағы кең қолданылған терминнің бірі – ұлан сөзі. Ол сол кездегі әдеби тілде оғлан тұлғасында кездесті. Ш.Уәлихановтың айтуына қарағанда, Алтын орда, Қырым, Астрахан хандықтары мен Ақ орда, Шағатай ұлысындағы ақ сүйек өкілдерінің әкімшілік қызметтегі ұлдарын атайтын болған [3, 123 б.]. Академик Р.Сыздықтың пікірінше, түркі-монғол тілдерінде оғлан//ұлан//ұғыл//ұл сөзінің ерте дәуірлерден келе жатқан титулдық мәнінің сарқыншағы қазақтарда Бұхар замандарына дейін жеткен тәрізді. Орта ғасырларда оғлан//ұлан сөзі – термин. Тарихшылардың айтуынша, «Оғлан//ұлан деп Алтын Ордада, Қырым мен Астраханның династияларында, Чағатай ұлысы мен Ақ Ордада билеуші феодалдардың ең жоғары әскери және әкімшілік қызметін атқаратын ұлдарын атайтын болған». Соған қарағанда, ұлан сөзін әлеуметтік категорияға қатысты сөз емес, мемлекеттік ел басқару, билік жүйесіне қатысты деп қарауға болады. Қазіргі қазақ тілінде ұлан сөзі әскери-әкімшілік атау ретінде ұғынылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының ұлттық ұланы [4].

Орта ғасырлардағы ел басқару және билік жүйесі біршама жоғарғы сатыға көтеріліп, күрделене бастады. Осы саладағы орта түркілік атаулар деп біздер хан, әмір, сардар, аталық, атабек, көкілташ, ішік аға басы, инақ, миршиқар, наиб, жасақ, жасауыл, қарауыл, қанбұл, әкім, даруға, ұлысбек, тору, ясақ секілді сөздерді жатқызамыз.

Мемлекет басшысы сонымен бірге әмір атауымен де белгіленген. Белгілі шығыстанушы М.Қ.Әбусейітованың көрсетуіне қарағанда, ортағасырлық билеушілер тек хан, әмір ғана деген атаулармен шектелмеген. Ғалым пайдаланған Шығыстық деректемелерде хан атауы жиі кездескенімен, сонымен бірге басқа да атаулардың талданып-таратылып қолданылғанын айтады. Мысалы, жеке ханның өзіндік орны мен беделіне қарай қолданылған атаулар «ең жоғарғы билеуші», «жалғыз дара билеуші», «жер жүзінің билеушісі» секілді мағыналарды берген. Автор бұл мағыналарды араб және парсы тарихи деректеріне сүйеніп айтады да, өкінішке қарай, олардың түпнұсқалық тұлғаларын көрсетпейді [5, 111 б.].

Қазіргі мемлекеттер атауына шолу жасаған кезде әмір атауын Біріккен Араб Әмірліктерінен кездестіреміз. Сонымен қатар араб елдерінің бірқатарында эмир сөзі қазір де елбасы деген мағынада қолданылады. Сонда бұл елдегі араб диалектісінде әмір сөзі әрі «әкімшілік-аумақтық бірлік», әрі «мемлекет билеушісі» деген мағынада жұмсалып тұр.

Сондай-ақ бұл дәуірдегі атақ-лауазымдардың дені араб-парсы сөздерінен тұратындығына көзіміз жетті. Бұл – жалпы осы дәуірдегі ел басқару және билік жүйесіне тән тілдік ерекшелік. Сонымен қатар таза түркілік атаулар да жарыса қолданылған және олардың жасалуы барысында жүйелілік бар.

Ортағасырлық ел басқару, билік жүйесіне қатысты атаулардағы тағы бір ерекшелік – көшпелі аудандардағы билік тармақтарын немесе салық түрін белгілейтін атаулар мен отырықшы жердегі билік буындары атауларының дифференцияланып қолданылуы.

^ 1.1.5 «Жаңатүркі (қазақ хандығы) дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары» деген тарауша қазақ хандығы тұсындағы атақ-лауазымдардың тілдік сипатына тоқталуды мақсат етеді. Ең алдымен тұңғыш ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеттік құрылымы өзіне дейінгі өмір сүрген көне мемлекеттер, мысалы, түркілер қағанатынан, қараханидтер, қыпшақтар мемлекеттерінен, сондай-ақ, моңғолдардың әскери-әкімшілік жүйесінен, сарай мекемелерінен мирас болып қалған басқарудың дәстүрлі үлгілерімен сипатталады.

Қазақ хандығының қалыптасуы жайлы тарихшылар сан алуан пікірде болғанымен, біз үшін маңыздысы – сол мемлекетті сипаттайтын лексика. Алайда, ұлттық мемлекетіміздің құрылуына себепші болған алғышарттар мен оған кірген ру-тайпалардың тілі туралы сөз қылмайынша, жалпы сол кездегі ел басқару және билік жүйесіне қатысты атауларды толық тану мүмкін емес.

Екіншіден, бұл зерттеу этнолингвистикалық тұрғыдағы ізденіс болып табылатындықтан, ғылыми жұмыс тақырыбының ерекшелігіне байланысты көшпенді қазақ қоғамында дүниежүзілік стандартқа сай мемлекеттілік болғандығы және көшпенді мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі секілді принципті мәселелерді тілдік деректерді талдау аясында дәлелдеп, қорғау болып табылады. Сол себепті де біз жұмыс барысында тарих ғылымы мен заң ғылымының, қажет жерінде саясаттану ғылымдарының мәліметтеріне сүйеніп отыруға мүдделіміз.

Қазақ тілінде ұлттық мемлекеттілігімізді танытатын алғашқы құқықтық нормалар жиынтығы – «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», хан Тәукенің бастамасымен құрастырылған «Жеті жарғы» тәрізді қоғамдық өмірдегі мемлекет пен жеке адам арасындағы қарым-қатынастарды реттеп отыратын ереже нұсқаларының пайда болуы, жалпы алғанда, қазақ әдеби тілінде заңға қатысты атаулардың қалыптасып, құқықтық норма ұғымдарының дифференцияланып, нақтылануына игі ықпалын тигізгенін атап өту керек. Жеке алғанда осы құқықтық нормалардың жүзеге асуына байланысты ел басқару және билік жүйесіне қатысты атаулар да тұрақтанып, байи түсті.

Академик Р.Сыздықтың пікірінше, осы кездегі қоғамдық құрылымды көрсететін сөздерге жұрт, халық, хан, қарашы, қызметші, ер, батыр, би, ұлы, кеңес, орда секілді әлеуметтік статусты білдіретін атаулар жатады [4, 17 б.].

Сонымен қатар, ғалымның айтуынша, әлеуметтік категорияларды көрсететін кедей, бай, патша, хан, би, төре, ақсүйек, бек, қожа, шора, азамат, батыр, ханзада, қарашы секілді атаулар жиі қолданыс тауып қана қоймай, өзінің тура мағынасында жұмсалып, сол кездегі әдеби тіл үшін актив жұмсалатын, нормаға түскен атаулар болып есептелген.

Қазақ мемлекетіндегі хан сайлау процедурасы көшпенділер қоғамы үшін тек ұлы саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар, үлкен этномәдени қоғамдық құбылыс болып саналған. Бұл жағдайда ел басқару және билік жүйесіне қатысты лексика этнографиялық түсініктермен астасып жатады. Мысалы, хан сайлау үшін қазақ дәстүрімен бүкіл елге сауын айтылатын болған.

Бұны тек таза этногрфиялық атау деп қарамасақ керек. Өйткені ол сайлау жүйесіндегі басты атрибуттардың бірі болып есептелген. Ханның таққа отыруы кезіндегі «хан сарқыты» немесе ханның тақтан түсуін бейнелейтін «хан талау» тәрізді салттардың атауы ретінде де осыны айтуға болар еді. Бұлардың әрқайсысының астарында құқықтық аспект жатыр. Және осы тұрпатты жөн-жоралғылардың моральдік негізі қазіргі конституциямызда нақты мән-мағынаға ие болып, заңды түрде көрініс тапқан.

Қазақ хандығында далалық демократияға негізделген сондай билік институтының бірі билер кеңесі деп аталған. Билер институты бұл қазақ қоғамындағы парламентаризм дәстүрлерінің құқықтық негіздерінің тым әріде жатқанын көрсетеді. Көрнекті түркітанушы Лев Гумилев «Республикалық құрылыс» деп атаған хандық құрылыс кезінде, яғни, қазақ мемлекетінде абсолюттік монархия ешқашан да болған емес. Өйткені, хан биліктің ең жоғарғы тұтқасы болып заң жүзінде есептелгенмен, іс жүзінде билер кеңесі оның шешімдеріне тыйым сала алатын.

Лингвистикалық тұрғыдан алғанда, билер кеңесі деген күрделі атаудың құрамына қарап, сол кездегі қазақ әдеби тілінің атаужасам қабілетінің ерте байқалғанын анықтауға негіз бар.

Билер кеңесі бұған дейінгі хан кеңесі деген атаулық тіркестің үлгісінде дүниеге келген деп жорамал жасауға болатын тәрізді. Күрделі атаужасауға негіз болып тұрған модель сөз – кеңес орта түркі кезеңінен бері мемлекеттік ел басқару атауы ретінде қолданылып, кэнеш тұлғасында билеушінің канцеляриясы деген мағына берген. Қазақ хандығы тұсында үлкен ел жиындарын «кеңес» деп атаған. Айталық, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген аталы сөз содан қалған.

^ 1.1.6 «Қазақ хандығының отарлануы дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары». Қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты Қазақ хандығының ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, Ресей патшалығына тәуелді бола бастағаны белгілі. Осы кезде қазақтың байырғы сөздерінің мағынасы кеңейіп, кейбіреулері алғаш рет атаулық мәнде жиі жұмсала бастады. Сондай-ақ, бұрыннан келе жатқан әкімшілік пен билікке байланысты қазақтың көне атауларының орнына партия, сот, сияз, старшын, майыр, гүберния, гүбернатор, дума, земство, окружный приказ, сенат, правление, собрание, управа, адуакат секілді орыстың кірме сөздерінің қазақ тілі заңдылықтарына икемделгенімен, тұтас тұлғасында кең қолданыс табуы кең етек алғандығы аталып өтіп, Бұхара әмірі, Самарқан әкімі, Хиуа хандығы, жандарал, болыс, аға сұлтан, тархан, датқа, қазынашы секілді атақ-лауазымдардың тілдік сипатына тоқталып өтеміз.

Келесі 1.2 «Атақ-лауазымға қатысты атаулардың мақал-мәтелдердегі тілдік репрезентациясы және уәжділігі» деп аталатын тараушада қазақ тіл біліміндегі тілші-ғалымдардың уәжділікке қатысты ұсынған теориялық тұжырымдамаларына сүйене отырып, атақ-лауазымдарға қатысты мақал-мәтелдердің уәжділігі сөз болады.

Қазақ тіліндегі бұл атақ-лауазымдар аталы сөз мақал-мәтелдердің танымдық мәні зор тұғыр-негіздерінің бірегейлеріне жататындығы сөзсіз. Дегенмен де тілді ұлт танымымен тығыз байланыста қараған зерттеулерде «сол ұғымға не уәж болып тұр?» деген өзекті мәселе номинация теориясына сүйенуді қажет етеді. Отандық тіл білімінде бұл теорияны пайдаланудың тиімді үлгілері баршылық. Мәселен, К.Хұсайынның, Ж.Манкееваның, Б.Қалиевтің, Р.Шойбековтің және т.б. еңбектерін атап өтуге болады.

Уәжділік номинация теориясымен, өзімізді қоршаған ортаны танып-білу барысындағы танымдық талдаумен тығыз байланысты. Тіл білімінде бұл байланыс сөздің ішкі формасы немесе тілдік таңбаның уәжділігі ретінде қарастырылады.

Мақал-мәтелдердің пайда болып, қалыптасуы туралы үлкен екі түрлі объективті факторға байланысты екенін академик Ә.Қайдар өз зерттеуінде атап көрсетеді [6, 12 б.]. Оның біреуі және негізгісі – ішкі фактор да, екіншісі – сыртқы фактор. Біздің қарастырып отырған атақ-лауазым атауларына қатысты мақал-мәтелдердің пайда болу уәждерін табуда да Ә.Қайдардың осы еңбегінде ұсынған ғылыми тұжырымдарын басшылыққа алып отырдық.

Мәселен, Әр ханның тұсында бір сұрқылтай мақалына талдау жасасақ, сұрқылтай атауының шығу төркіні жөнінде алуан түрлі пікірлер кездеседі. Профессор Р.Сыздықтың пікірі бойынша, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оның көбін орыс тіліне аударып бастырған белгілі этнограф-фольклоршы, Шоқан Уәлихановпен Омск кадет корпусында қатар оқыған досы Г.Н.Потанин «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» (М., 1899) деген еңбегінде гурульдай деген сөз монғолша «ханның кеңесшісі, ақыны» деп анықтайды. Қазақтар қолданған сұрқылтай сөзінің мағынасы да «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмары, ақыны» дегенді білдіреді. Бұхар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Бұл сөздің түбірі монғолдың - 1) «оқыту»; 2) «бір нәрсеге үйрету»; 3) «тәрбиелеу» мағыналарындағы сурга(х) сөзі болу керек. Сургаал сөзі «ілім» мағынасын, сургууль сөзі – 1) «мектеп, училище»; 2) «оқу, үйрету, оқыту» дегенді білдіреді, ал – тай монғол тілінде сын есім тудыратын жұрнақ. Сонда сургаалтай (сургултай) қазақша сұрқылтай «үйретуші (ақыл-кеңес беруші)» деген сөз болып шығады. Бұл сөздің қазақ тілінде де мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, қазіргі жазушылардың бірқатары мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде жұмсағандары байқалады. (4. 142-144 б.б.).

Ал кездесетін тағы бір дерекке сүйенетін болсақ, ертедегі хандар мен патшалар өздерінің орда, сарайларында болашақты болжап, не боларын айтып отыратын көріпкел жұлдызшыларды (сұрқылтайларды) ұстайтын болған, олар солардың жоба-жорамалдарымен санасып отырған. Екінші жағынан, ел басқарушы адам қаншама ақыл-парасатты, білгір де білікті, қатал да қатыгез болса да, өз маңындағы бір данышпан, ақылгөйінің сөзін тыңдап, берген кеңесіне құлақ қоятын салты болған. Қарапайым халық билік иесінің дуалы аузымен айтылған кесімді, болашақ туралы жоба-жорамалды сол данышпан сұрқылтай атынан айтылған аталы сөз деп санаған.

Мұндағы сұрқылтай – ертедегі хандар мен патшалар болашақты жорамалдау үшін ұстайтын көріпкел. Оны жұлдызшы деп те атайды. Сол көріпкелдің алдын ала айтатын жобасы бойынша тіршілік қылған. Бұл хандардың ерте кездерде наным-сенімге сенгендігін аңғартады. Сұрқылтай – бұл заманда тек мақал құрамында ғана кездесетін, жеке-дара айтыла бермейтін архаизмдердің бірі. Бұл сөздің шығу тегі – парсы тілі. Сұрх «жұлдыз» деген түбірге -тай суффиксін жалғау арқылы жасалған күрделі сөз. Мысалы:

Билік айтсын әркімге патша құдай, Әрбір ханның тұсында бір сұрқылтай [ҚТФС, 1977, 95 б.].

Халықтың сын көзбен қарап айтқан пікірлерінің көбісі мақал-мәтелдер арқылы билеуші топ өкілдеріне, ханның, бидің, бектің, сұлтанның басындағы кемшіліктерге бағышталғанын көреміз. Соған қарағанда дала демократиясы кемшілікті ашық айтуда айқын көрінген.

«Қазақ тіліндегі атақ-лауазымдарға қатысты атаулардың этнолингвистикалық аспектісі» деп аталатын екінші тарауда атақ-лауазымдарға қатысты атаулар лингвистикадағы тілді адам болмысымен бірлікте қарастыруды көздейтін антропоцентристік әдіс тұрғысынан талданады. Бұл топтағы тілдік бірліктердің қазақ халқының болмысын, дүниетанымын, психологиясын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, наным-сенімін танытудағы маңыздылығы сөз етіледі.

^ 2.1 «Атақ-лауазымға қатысты атаулардың лексика-семантикалық сипаты» атты бірінші тараушада қарастырып отырған топтағы тілдік бірліктеріміздің лексика-семантикалық сипаты қарастырылады.

Әртүрлі дереккөздерден тақырыпқа қатысты жинақталған деректерімізді іштей жіктеп көргенімізде, олардың біразы қазақ ру-тайпаларының басы қосылып, халық болып, өзінің ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығын құрып, тарихи аренаға келуіне байланысты туындап, қолданыла бастаса, енді біразы сонау көне (түркі, қарахандар, Алтын Орда және т.б.) дәуірлерден келе жатқан қазақ ру-тайпаларымен қарым-қатынаста болған көршілес елдерден қабылданған, мән-мағынасы қазақ этносына түсінікті атақ-лауазым, мәнсап-дәреже атаулары болып саналады. Сондықтан да біз бұл тараушада осы топқа енетін жүздеген атаулардың арасынан кейбір жиірек қолданылатын атақ-лауазымдарға және оларға қатысты кездесетін тіркестерге кеңірек тоқталып, жалпы түрде сөз етеміз. Мәселен, би атауына тоқталып өтсек. Би - хан сарайында, ұлыстардың мекемелерінде, ауылда, жиындарда билік айтып, ел арасындағы дау-дамайды шешетін, сөзге шешен, іске шебер, сауатты адамдар. Билер – халық қалауымен, болыстардың, хандардың ұсынысымен, талабымен, қолдауымен болатын өте көрнекті адамдар. Көрнекті орыс ориенталисі, Таяу және Орталық Шығыс халықтарының филологиясы, тарихы, географиясы, мәдениеті және діні хақындағы 400-ден астам көлемді ғылыми еңбектердің авторы, академик В.В.Бартольд бек сөзінің сонау Орхон-енисей жазбаларынан бастап кездесетінін, осы орайда терминнің таза түркі сөзі ретінде кейіннен би сөзіне айналғанын айтады. В.В.Бартольд би термині ХV ғасырдан бері қарай ғана кездесе бастайды дей келе, зерттеушілердің арасында тұңғыш рет қазақтың биі мен қырғыздың манабы ұғымдарының өзара тығыз байланыстылығына көңіл аударады [7, 225-226 бб.]. Іс жүзінде қазақ қоғамындағы ақсүйек, қарасүйек, төре, қараша ұғымдары мен сұлтан, би, батыр, бай, төлеңгіт тәрізді әлеуметтік категорияларды алғаш рет талдаған ғалым Е.Бекмахановтың пікірінше, қазақ қоғамындағы билер айрықша құқықтық және экономикалық артықшылықтарға ие болушы топ өкілдері. Ақсүйек тұқымы болып есептелетін сұлтандармен салыстырғанда көшпелі қауымның өз арасынан шыққан ру-тайпаның игі-жақсылары [8, 75 б.]. Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды, ел қамын жеген ерлері, күн сайын дерлік бетпе-бет келіп отырған жер дауын, жесір дауын, барымта-сырымта дауларын шешіп беретін би-шешендері болған. Қазақ қоғамындағы билерге жүктелген міндет аса жауапты болған – бұзылған құқықты қалпына келтіру, дау-таластарды шешу, әділдік орнату, қылмыстың алдын алып, қоғамда тыныштықты қамтамасыз ету, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді уағыздаушы, жауласқан рулар мен қауымдарды елдестіру. Билер неғұрлым көп болса, соғұрлым ел ішінде тәртіп берік болады деп есептелген. Көнеден қалған «Би көп болса елдің құты» осыны меңзейді. Би атағына әркім де терең парасатты ақыл-ой, қиыннан қиыстырар тапқырлық, елдің тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ата-баба жолын білгендік, асқан шешендік пен қара қылды қақ жарған әділдік тәрізді ізгі қасиеттері арқылы ие болады. Билік кесу кезінде олқылықтар жіберу, би үшін бедел, атақ-абыройдан айырылу – ең үлкен жаза. Қазақ халқы қай кезде де орақ тілді, от ауызды, қара қылды қақ жарған әділ билерін, шешендері мен ақындарын, ел билеген хандарынан бетер қадір тұтқан. Олар айтқан кесімді сөздер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тұтас бір халықтың даналық мектебіне айналған. «Билер кім?» деген сұраққа мынандай тұжырымдамалармен жауап беруге болады: Бикөсем, шешен, ақын, заңгер, елші, мәмілегер, жүрек жұтқан батыр, саясаткер, қоғам қайраткері, ойшыл ғалым, психолог, әртіс, тәрбиеші. Сондықтан да халықтың билерді өзінше сипаттауы да жиі ұшырасады. Солардың біразына, мәселен төбе би, сүбе би және т.б. атауларға тоқталып өтеміз.

^ 2.2 «Атақ-лауазым атауларының этномәдени мазмұны» атты келесі тараушада тіл мен этносқа, тіл мен рухани мәдениетке, олардың өзара байланысы мен өзара тәуелді болуына қатысты мәселелер этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылады.

Қазақ тіліндегі атақ-лауазым атауларын этнолингвистикалық тұрғыдан зерделеу этнос тарихын, ол бастан кешірген тарихи өзгерістерді, әлеуметтік-экономикалық жағдайды, этнопсихологиялық ерекшеліктерін, ойлау логикасын егжей-тегжейлі танып-білуге мүмкіндік береді. Тіл білімі ғылымының бұл саласындағы зерттеулер ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан бастап көрініс бере бастаған антропоцентристік бағыттағы ізденістер қатарына жататыны белгілі.

Лингвистикадағы антропоцентристік әдіс тілді адам болмысымен бірлікте қарастыруды көздейді. Әлемдегі барлық құбылыстар адам тәжірибесі мен құндылықтары тұрғысынан қарастырылады. Мәселен, қазақ тілі лексикасының біз қарастырып отырған тобына жататын би атауы туралы ұғымдар мен бағалаулардың мән-мағынасы, уәждері, сайып келгенде, ұлттық дүниетаным мен ұлттық менталитет негізінде қалыптасады.

Сондықтан да олар туралы мәліметтерді әртүрлі дереккөздерден жинастырып, таратып-тарқатып айту, танып-білу тек этнолингвистика негізінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Өйткені бұл деректерде халықтың жалпы биге деген көзқарасы, олардың жақсы-жаман қасиеттері жөнінде пікірі қалыптасады.

Осы тұста ғалым Н.Уәлидің атақ-лауазымға қатысты кейбір атаулардың этномәдени мазмұны жөнінде айтқан пікірлерін төменде келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:

«Адам баласы сәби кезінен-ақ ана сүтімен тілді, тілмен бірге мәдениетті де қоса игереді. Мәдениеттің небір нәзік қырлары тілде бейнеленеді. Әр тіл дүниені, адамды өзінше көрсетеді, өзінше бейнелейді.

Көркем мәтіндегі би сөзін лингвомәдени таңба ретінде алып қараудың тиімді жағы бар. Өйткені аталмыш таңбада лингвистикалық код та бар, мәдени-тарихи код та бар. Мәселен, би – «қазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап, үкімін шығаратын сот (судья)» [9].

Батыр – «жаумен шайқастарда асқан ерлік жасаған, қарсыласынан ешқашан тайсалмайтын, қаймықпайтын, өз намысын, ел намысын өзгеге таптатпайтын қаһарман, ержүрек адам; жаумен шайқаста жеке ерлік жасап, даңқы шыққан, сол үшін елдің құрметіне бөленген, ел ардақтаған тұлға». Батыр «қолпаштау, көтермелеу, «бәрекелді» мағынасында айтылатын қаратпа сөз» (Тоқта, батыр! – деп Бала би тоқтатыпты да, былай депті; – Сауғаңа жараса, не арман бар, ал батыр!).

Байырғы мәдени-тілдік ұжымның когнитивтік санасында батыр - мәртебелі әлеуметтік топтың өкілі, бірақ биден мәртебесі жоғары емес (батыр биден санкция сұрайды, бата сұрайды; би батырды жорыққа жұмсайды т.б.). Батыр өзінің ғана емес, елдің намысын жоғары ұстайтын тұлға (мақал: ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді); батыр екі сөйлемейді; батыр қолпашты, көтермелеуді сүйеді (мәтел: Батырды бәрекелді өлтіреді); батыр аңғал болады (мәтел: батыр аңғал, ер көдек); батыр кеңеске қарусыз кірмейді; жаудан түскен олжаны бөліскенде батырдың қылышына (мылтығына, садағына, найзасына т.б.) арнайы сыбаға бөлінеді; батырдың ұстаған туы, найзасының қылы, дулығасы, кісесі, қыны т.б. атадан балаға мирас болып қалады. Мирастық жол жеті атаға дейін сақталуға тиіс, батырдың мирасқа қалған затын жеті атаға толғанша бөтен біреуге бермейді.

Батыр өзіне дәреже-атағы (рангісі) теңдес қарсыласпен жекпе-жекке шығады, қарсыласының жолын сыйлап, кезегін береді; бесқарудың қайсымен жекпе-жекке шығуды қарсыласының таңдауына береді т.б. Бір кездердегі мәдени-тілдік ұжымның санасындағы батыр туралы білімдер үзігі, шамамен, осы тәрізді» [9].

Халық қара қылды қақ жарып, шындықты айтатын әділ биді, жақынына да бүйрегі бұрмайтын тура биді ұнатқан, «тура биде туған жоқ, туғанды (кейде - бұрғанды) биде иман жоқ» деп оны марапаттаған; күміс көмей, жез таңдай шешен де ділмар биді ерекше құрметтеген т.т. Сонымен қатар халық билердің бойындағы кемшілігі мен кемістіктерін де ашық сынап, олардың сипаттама аттарын «би» лауазымына қабаттастырып та айта берген.

Тарихи романдарда кездесетін би және бек лауазымдары туралы айта келе, академик Р.Сыздық былай дейді: «Би мен бек сөздері бір түбірден өрбіген фонетикалық варианттар болғанымен, ХVІ-ХV1І ғасырларда бек сөзі – ұлысты немесе ұлыстар одағын билейтін (басқаратын) ресми басшының лауазымы, сондықтан романда алашбегі, ұлысбегі деген титулдар да кездеседі, ал би – ру басындағы белгілі адамның атауы, оны билеушіден гөрі, кеңесші, ақылшы деп тану басым және би атағы белгілі адамдардың тұрақты атағы: Томан би, Шөгел би, Сүтемген би, Қадырғали би, бұларды бек деуге болмайды, ал Қадырғали әрі ұлысбегі, сонымен қатар ол ақылшы, шешен ретінде келген тұста би деп аталды» [10, 98-99 бб.].

«Би» атымен атқарылған, шешімін тапқан дау-дамай, айтыс-тартыстардың, тағы басқа әлеуметтік мәселелердің қатарына, мәселен: 1) жер дауы; 2) жесір дауы; 3) күн даулау; 4) барымта, қарымта, сырымта мәселелері; 5) ұрлық-қарлық: 6) салт-дәстүрді сақтау; 7) айыптау; 8) алым-салық т. б. осы сияқты мәселелерді жатқызуға болар еді; өз дәреже-деңгейіне қарай билер коғамда сан алуан қызмет атқаратындығын көрдік. Олар билік айтумен қатар, кейде хандар кеңесінің құрамына еніп, кеңесші, ақылшы қызметін атқарған, көші-қонды басқарып, соғыс кезінде әскери қол, жасақтарға да қолбасшылық еткен т.т.

Белгілі бір аймақ болыстық деп аталатын болса, оның билеушісі болыс болып белгіленді. Сөйтіп болыс сөзі ХІХ ғасырдағы мемлекеттік ел басқару, билік жүйесінен берік орын алған атау ретінде жиі жұмсалды.

Дегенмен болыс сөзі кірме атау секілді болып көрінгенмен, оның түркі тектес сөзден шыққандығы туралы мәлімет бар. Е.Жанпейісовтің айтуына қарағанда, болыс сөзін орыстың волость деген сөзінен тіліміздің ішкі заңдылығына сай өзгерген кірме сөз деп қарауға болмайды. Бұл жөнінде ғалымның өзі былай дейді: «…Біз болыс волость дегеннен емес, ұлыс сөзінен шыққан демекпіз» [11, 107 б.].

Е.Жанпейісовтің пікірінше, түркі-моңғолдық ұлыс термині ең алдымен славян тілдеріндегі түркизмдер қатарына орыс тіліне орта ғасырларда енген. Шамасы, ғалымның көрсетіп отырған дәуірі орыс мемлекетін моңғол-татарлардың жаулап алған мезгілі болса керек. Орыс тіліне ұлыс сөзі волость болып өзгеріп енген. Содан соң қайтадан қазақ тіліне енген ол болыс тұлғасына дейін өзгеріп жеткен. Сол себепті болса керек қазақтар бұл сөзді мүлдем танымай, жат құбылыстай қабылдап болыс деп алады дейді ғалым.

Қазақ тарихындағы Кенесары хандығы тұсында сонымен қатар кейбір әлеуметтік атаулар әкімшілік сипат алды. Атақты батырлар мен беделді билердің Хан кеңесіне мүше болуы соның айғағы. Сонымен бірге Қазақ тарихындағы көптеген елдер секілді Кенесары құрған мемлекет те жартылай әскери-феодалдық мемлекет болды. Оның әскерін басқарған қолбасшылар жүзбасы, мыңбасы деген атаулармен белгіленген. Кенесары мемлекеттік әскери атаулар қатарына «мергенбасы» деген атауды енгізген. Мергенбасы деп құралайды көзге атқан ерекше отряд бастығын атайды.

Енді атақ-лауазымдардың ғұн дәуірінен бергі ауқымын, шығу төркінін, қолданысын пайымдап қарайтын болсақ, олар төмендегі ерекшеліктерден тұратынын байқауға болады.

1. Жалпы түріктік атақ-лауазымдар таза күйінде сақталмаған. Барлық атауларға 5-6 тілдің элементтері араласқан. Олар: 1) санскрит тілі, 2) ғұн тілі, 3) қытай тілі, 4) араб тілі, 5) славян тілі, 6) моңғол тілі және тағы басқалар. Сондықтан да болу керек, бұл атаулардың көпшілігі түсінікті болса да, арасында жоғарыдағы тілдердің әсерімен жасалған, сондықтан да түсінікті бола бермейтін атаулар кездесіп отырады. Интернационалдық принцип болмаса да, көптілдік принцип сақталғанын көреміз. Қандай болғанда да, түркі тілінің негізі сақталғаны аңғарылады. Қанша шет тілінің әсері болса - дағы, түркі тілінің негізінде жасалғандығы көрініп тұр. Мысалы, бек түбірімен ұласып келетін терминдердің бегім, бегүм, бектік, бекше, беклер, беглен, сұлтанбек, түмен бегі, тұман бегі, орда бек, ұлық бек т.б. туынды тіркестердің баршасы қазақ тіліне тән сөзжасам модельдерімен жасалған. Ал, бұл атаулардың шығу дәуірі тым алыста жатыр. Демек, содан бері бұл әр тілде, соның ішінде қазақ тілінде қолдануда жүрген атаулар.

2. Атақ-лауазымдардың бәрі бірдей бір тілде сақталуы да, сақталмауы да мүмкін. Оның сақталу, сақталмауы әлеуметтік жағдайларға байланысты. Мысалы, Бегайым – көптеген түркі халықтарында қолданылатын – ізгі тектен шыққан әйел есімдерімен қосарланып айтылатын (бек+айым) лауазым сөз. Ол бүкіл түркі халықтарының тілі мен әлеуметтік ұйымдарының ықпалына түскен кейбір басқа халықтар тіліне де (мыс., парсы, тәжік) ауысқан. Бегайым > бек сөзі мен «ім» тәуелдік жалғауының жалғануымен жасалған. Ханым, сұлтаным сөздерімен қатарлас.

Бегайым термині әйелдің әлеуметтік жайы мен шыққан тегін көрсетеді және патриархалдық-рулық не патриархалдық-феодалдық қоғамда оның біліктілер тобына, яки үстем топқа жататындығын аңғартқан. Мұндай әрекеттер кейінгі кезде еркелету, көтермелеу үшін қосылатын элементке айналып кетті (Күләйім, Нұрайым, Биғаным, Бекайым т.б.)

3. Әрбір тілдің ең жоғарғы мәнсабын білдіретін атақ-лауазым термині қалыптасатын сықылды. Мысалы: Ғұн ханын – Тәңірқұт, Үйсін ханын – Күнби, Түркеш ханын – қаған, қазақ ханын – хан, аға сұлтан, Хиуа ханын - әмір, Бұхара ханын – бек деп атаған. Осында бір заңдылық байқалады. Ол заңдылық әрбір хан өз елінің ең жоғарғы билеуші мәртебесі, қайталанбайтын монархы болып есептелуіне байланысты. Араб, иран елдерінде хан//қаған деген атақ-лауазым жақсы таныс болса да, бірақ дәстүрлі түрде әмір, хаким, шах, шахиншах т.б. деген атаулар жұмсалған. Орысша царь, держава, грекше – король, князь атаулары қолданылған.

4. Бір атақ-лауазым атауынан бірнеше атау пайда болуы мүмкін және олардың барлығы бір мағынадағы атау емес, әр елде, тіпті бір елдің өз ішінде бірнеше мағынада қолданылуы мүмкін. Мысалы: бек атауына қатысты: атабек, тұтқауыл бек, бекзада, бегім, бектік, ұлыс бегі, бекше, беклер бегі, кіші бек, шонжар бек, іргелі бек, беглен, бегүм, ішкі бек, сұлтан бек, түмен бек, тұман бек, атбегі, орда бек, ябғу бек, дуан бек, елбегі, бек бике, бас бек, бек мірім, әділ бек, бекайым, аға бике, кіші бике т.б. Қолданыс жиілігіне байланысты кейбір атаулардың кең тарағандығын, сол лауазымның жиі қолданғандығын айыруға болады. Қолданыс жиілігіне қарағанда атақ-лауазымдардың ішінде «басқа» байланысты, «бекке», «биге» байланысты атаулар алдыңғы қатарда тұратынын ескертуге болатынын айтуға болады.

5. Атақ-лауазымдарды талдап қарағанда бір тілде бір ортақ-лауазымдардың көбірек кездесіп, екінші елде бір лауазымның азырақ кездесуі байқалады. Мұның себебі – сол елдің әлеуметтік жағдайына, мемлекет құрылымына байланысты. Мысалы, әкім//хаким деген атау ұйғыр халқының өмірінде өте жиі қолданылған атаулардың бірі болған. Базарынан бастап мазарына дейін әкімдер басшылық еткен. Соған қарағанда, атақ-лауазымның түрлері әр елдің әлеуметтік жағдайына байланысты өзгеріп отыратынын көреміз.

6. Атақ-лауазым атауларының өздері, құрамы шетелдік элементтерден құралуы мүмкін. Біз оны ғұн дәуіріндегі ғұн элементтерінен, көршілес отырған санскрит, үнді, қытай, араб, иран, славян тілдерінің әсерінен деп қарауымызға болады. Алайда, түркі әлеміне тән атаулардың баршасы негізінен түркі тілдес болып келетінін үзілді-кесілді айтуға болады.

7. Түркі әлемінде ғасырлар бойы қолданылған атақ-лауазым атаулардың есебін шығару да осы категорияның дамуын, архаистикалық құбылысқа айналуын және тілдердің қайсысында сақталуын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақ тілі осы процесте қай орынды иелейтінін анықтауға, оның қай дәуірін көбірек сақтап қалғанын көрсетеді.

^ 2.3 «Атақ-лауазым атауларының шығу төркініне барлау». Қайсы тілде болмасын, жалпы атақ-лауазымға, мәнсап-дәрежеге қатысты атаулардың бәрі тарихи сөздік қордың ең көне, әрі байырғы құрамына енетін байлығы болып саналады. Сондықтан да бұл саладағы тілімізде ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан атақ-лауазым атаулары мен тұрақты тіркестер тарихи лексикологияның ең құнарлы, мағлұматы мол зерттеу нысандары болып саналады. Осындай сөздер мен сөз тіркестерін зерттеу этимологияның міндеті болса да, бұған кейде этнолингвистиканың да мұқтаж екендігін көреміз. Мұндай жағдайда, әсіресе, мағынасы күңгірттенген бірліктердің мәнін ашып, жасалу уәждері мен қолданыс шеңберін айқындауда этнолингвистиканың этимология көмегіне жүгінуіне тура келеді [12, 12 б.].

Осы мақсатқа байланысты біз қарастырған дереккөздер мен әдебиеттердің ішінде мәселені арнайы зерттеп, өзіне дейінгі (1988) еңбектердің бәрін болмаса да, көпшілігін қамтып, оларды өзінше қорытып, талдап, шолу жасаған белгілі түрік ғалымы Әбдулқадір Донуқтың ескі (көне) түркі мемлекеттерінің басқару жүйесінде қолданылған әкімшілік және әскери атақ-лауазымдарға бағышталып жазылған еңбегіне [13, 3 б.] тоқталып өтуді жөн көрдік. Себебі, атақ-лауазымның өзіндік бір қасиетін біз көптеген туыс халықтар тіліне ортақтығы, түбірлестігі, мағыналастығы деп танитын болсақ, бүгінгі қазақ тіліндегі сан-алуан атақ-лауазым атауларының төркінін де сол ортақтықтан, түбірлестіктен іздеген орынды.

Айта кету керек, түрік ғалымы Ә.Донуқтың «^ Eski devletlerinde idari-askeri unvan ve terimler» атты зерттеу еңбегінде әліпби тәртібімен берілген ономастикалық (этноним, топоним, антропоним) атаулардың жалпы саны (олардың әр тілдегі варианттарын қоса есептегенде) бір мыңға жуық. Солардың үштен бірі, біздің есептеуіміз бойынша, түркі тілдеріндегі атақ-лауазым атауларына жатады.

Біз жоғарыда аталған еңбекке сүйене отырып, атақ-лауазым атауларының түркі әлеміндегі кейбір қолданыстарына шолу жасау мақсатын көздеп отырмыз.

Бек//бей//би. Түркі халықтарында және олар құрған мемлекеттерді басқару жүйесінде кеңінен қолданылып, ұзақ ғасырлар бойы тұлға, мағына жағынан дамып, өзгеріп, жаңғырып келе жатқан билік және әкімшілікке қатысты атақ-лауазым атауларының бірі – бек, би, бей атаулары.

Бұл атаулардың этнолингвистикалық табиғаты мен тарихи дамуы жөнінде түрік ғалымы проф. Ә.Донуқтың аталмыш еңбегінде төмендегі деректер келтіріледі.

Түркі тілдерінде әртүрлі айтылатын бей сөзі (көктүрікте – бен, ұйғырда – бөг, пех, қазақ, қырғызда – би, өзбекте – би немесе бей, түрікменде – биг және бег; осман түрік тілінде – bey т.б.) жалпы түрде мынандай мағыналарда қолданылып келеді: 1) bey// бей «шен, атақ мағынасында»; 2) «отағасы», «үйдің қожасы», «үйлі-баранды адам»; 3) «мырза»; 4) «шахзада» [13, 5 б.].

Автор бүкіл түркі мемлекеттерінің тарихында кездесетін бей атауы кейбір ұқсастық жолмен басқа тілдерден (мәселен, қытай -pо, монғол -begi, сасанилер тілінен bag~baga (тәңір мағынасында) алынуы да мүмкін екенін ескергеннің өзінде, оның шығу тегі туралы әртүрлі болжам-тұжырымдар айтылып жүрсе де, нақтылы мағынасы мен дыбыстық тұлғасы жөнінде ғалымдар бір тұжырымға келе қоймағандығын айтады. Мәселен, түрік ғалымы С.Арсалдың пікірі бойынша, түрік тіліндегі: bek>bey, bek-beg жіңішкеріп өзгерген түрі болып саналады. Сондай-ақ кейбір түркі тілдері диалектілерінде бек түбірінен «сақтау», «қору», «күзету» мағынасында bek+lemek, bekci туынды атаулардың пайда болғаны белгілі.

Ертедегі түркі мемлекеттерінің билік жүйесінде бег атауы рубасыларына берілетін лауазым (шен) болған. Ру татулығын сақтау үшін, оны жаудан қорғау үшін бұл ру басылары, әдетте, қару-жарақтың күшіне сенген. Сондықтан да олар бұл дәрежеге өзінің жүректілігінің, туралығының, әскери қабілетінің арқасында жеткен. Сонымен бірге билерден білімді де білікті болуы талап етілген. «Осыған орай, – деп көрсетеді Ә.Донуқ, – «Құтадғу білікте» Жүсіп Хас Хаджип Баласағұни «bey» мен «bilig» сөздерінің бір түбірден шыққаны туралы айтқаны көңіл аударарлық пікір».

Түркілердің бұл атауды ислам дінін қабылдағаннан кейін де сақтап қалғаны, ал ХІ ғасырда Қараханидтер мемлекетінің лауазымды қызметкерлері де осы атақты алып келгені белгілі. Тіпті, сол кезде шыққан «beger» атауының өзі де «beg» сөзіне қатысты екендігі жайлы ескертпені Махмұд Қашғари «Сөздігінен» де кездестіруге болады. Демек, «beg» сөзі (лауазымы) М.Қашқари мен Ж.Баласағұн заманында сол өлкеде жалпы түрде «басшы» мағынасын білдірген екен. Ал, Селжуқ империясын құрған Оғыз рулары арасында «yabgu», «inal», «ınans» сияқты шен-атақ иелері сыртында бір бөлек басшылар «bey» атағын иеленушілер болатын – деп көрсетеді Ә.Донуқ.

Автордың көрсетуі бойынша, «bey» атауы селжұқ дәуірінен бастап әртүрлі түркі қауымдары (мәселен, қыпшақ, түрікмен, кейінірек шағатай) арасында арабша әмір сөзінің баламасы ретінде қолданылған. Ғалым Ф.Көпүрұлының айтуынша, бұл үрдіс ілханлыларда, сондай-ақ Алтын Ордада бұдан кейінгі (ХІІІ-ХІҮ ғ.ғ.) дәуірлерде күшейе келіп, beg атауы «amir» сөзінің баламасы болып, басқаша мәнде (мысалы, ulus begi, tumen begi, min begi, yuz begi т.б.) кең түрде қолданыла бастайды. Тіпті beg сөзі атау ретінде ғана емес, лауазымы биік адамдардың есімдерімен қосылып та айтылу дәстүрі болған: beg-tigin, Beg-Timur, Beg-Arslan, Begtas, Beg-Bars т.б. Үндістандағы түркі сарайларында ханымдар үшін «Begim» түріндегі лауазымдар қолданылған. Ал, осы дәстүр бойынша османдықтардың Селжуқтардың қабылдаған «beclerbegi» мен «beylikci» атақ-лауазымдары болса ғасырлар бойы сақталып келген. Ал, бүгінгі Түркияда beу атауы өзінің бұрынғы лауазымдық биік мағынасын жоғалтса да, жалпы «құрмет-ізет» мағынасында күні бүгінге дейін кең қолданылып, кез келген еркек есіміне жалғанып айтылатын құрметтеу суффиксоидына айналып кеткендігін көреміз.

Bey~beg~bek атауы туралы пікірін Ә.Донуқ, міне, осылай тұжырымдайды.

Енді, қазақ тілінде екі түрлі қалыптасқан бек, би лауазым атауларына тоқталайық. Бұлар жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда, бір-бірімен тығыз байланыста дамыған, о бастағы төркін-тегі бір сөздер екен. Демек, екі атауды о бастағы бег түбірінің дыбыстық және мағыналық дамуынан пайда болған гомогенді варианттар деп қарауға болады.

Ең көне түркі жазба ескерткіштерінің деректеріне сүйене отырып [ДТС, 91-92 б.], бұл атаудың ең алғашқы көне түркі дәуіріндегі этимологиялық түбірі деп «beg» тұлғасын санайтын болсақ, қазақ тілінде қалыптасқан екі мағынадағы бек және би сөздерін о бастағы гомогенді бір түбірден тараған, бүгінде дербес екі сөз деп қарауға толық қақымыз бар. Және бұл екеуі де жоғарыда сөз болған, тағы да басқа дереккөздерде кездесетін beg~bag~baga~ ~bek~bex~bey~biy т.б. гомогенді қатардың заңды түрдегі бір буыны болып саналады. Олай дейтін себебіміз: бұл қатардағы түбір варианттарының бәрі түркі тілдерінің табиғатына ортақ дыбыс сәйкестігі негізінде дүниеге келіп, дербестенген лексемалар болып саналады. Олар, әдетте, бір буынды жабық түбірлердің соңындағы дауыссыз дыбыстардың әртүрлі тілдік ортада сәйкестене өзгеру заңдылығына байланысты пайда болады. Егер біз аталмыш гомогенді қатардағы түбірлердің түркі тілдеріндегі ең бастапқысы Орхон-енисей жазба ескерткіштері тіліндегі beg деп санайтын болсақ [ДТС, 91-92 б.], онда сол қатардағы (лауазым) атаулардың варианттары соңғы g~g~k~y дауыссыз дыбыстарының өзара сәйкесе өзгеруінің нәтижесінде пайда болды деген сөз. Демек, қазақ тілінде қалыптасқан бек пен би (biy) лауазым атаулары аталмыш гомогенді қатардың табиғи бір буыны деп санауға болады. Бұл арада сөз соңындағы [г] мен [к] және [й] дауыссыз дыбыстарының өзара сәйкестенуі бек~бій тұлғалы атаулардың қалыптасуына негіз болды. Ал, енді, бұл екі атаудың мағына жағынан өзгерістерге ұшырауына келетін болсақ, оның себебін қазақ қауымының тарихи дамуына, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгеріс үрдістеріне байланысты деп қараған жөн.

Бей атауы селжұқ дәуірінен бастап, әртүрлі түркілердің тобында (мәселен, қыпшақ, түркімен мен кейінгі шағатай) арабша әмір (бұйрық мағынасында) сөзінің баламасы ретінде қолданылғанын жоғарыда атап өттік. Мысалы: Әмір әл-Жүйдуш // Жұйуш бегі, Әмір ал Умара // Бейлербегі [14].

Бег сөзі атау (термин) емес. Күрделі атау құрамындағы анықтама қызметін атқарған. Мысалы: ^ Бег-Тегін, Бег-Тимур, Бег-Арыстан, Бегтас, Бег-Барыс т.б. Үндістан Түркі сарайларында бег түбірінен туындаған Бегім атауымен аталатын атау ретінде қолданылған. Османлылардың селжуктерден қабылдаған бейлербейі мен бейлікші осыларға ұқсас атаулар. Бұлар ғасырлар бойы сақталып келсе де, бүгінгі түрікшеде бұрынғы бұл мағыналарын жоғалтып бей сөзі жалпы құрметтеу мағынасында ғана қолданылады.

Осы деректерге сүйене келе, бей деген атау бег сөзінен өзгеріп, (й~г алмасуы арқылы) пайда болған омонимді моносиллабтар деген тұжырымға келеміз.

Бұдан басқа тархан, қаған, хан, катун (хатун), күндү, білге, еркин, инақ, ынал, ынанч, идиқұт, илтебер, шад, атаман, тегін, ябғу атауларына этимологиялық барлау жасалды.





залишити коментар
Сторінка1/2
Ж.А.Манкеева
Дата конвертації24.09.2011
Розмір0.56 Mb.
ТипАвтореферат, Освітні матеріали
Додати документ в свій блог або на сайт

страницы:   1   2
хорошо
  1
отлично
  3
Ваша оцінка:
Додайте кнопку на своєму сайті:
uadocs.exdat.com

База даних захищена авторським правом ©exdat 2000-2017
При копировании материала укажите ссылку
звернутися до адміністрації
Реферати
Автореферати
Методички
Документи
Поняття

опублікувати
Документи

Рейтинг@Mail.ru
наверх