Автореферат 2009 жылы «07» қазанда таратылды icon

Автореферат 2009 жылы «07» қазанда таратылды


Схожі
Автореферат 2009 жылы қыркүйекте таратылды...
Автореферат 2010 жылы «03» қарашада таратылды...
Автореферат 2010 жылы таратылды...
Автореферат «22» қараша 2008 ж таратылды...
Автореферат 2010 жылғы таратылды...
Диссертация 2010 жылы «28» қазанда сағат 14-00-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым...
Диссертация 2010 жылы «28» қазанда сағат 14-00-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым...
Диссертация 2008 жылы «29»...
Диссертация 2010 жылы...
Диссертация 2009 жылы «30» қаңтар күні сағат...
«2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық етеді» тақырыбындағы кітапхана қорында бар әдебиеттер тізімі...
1. 2010 жыл бойынша көлік оқиғалары мен апаттық жағдайлар...



страницы:   1   2   3
ӘОЖ:94+316:338](574) Қолжазба құқығында


САРМУРЗИНА НАҒИМА


Астрахан қазақтарының әлеуметтік-экономикалық

және мәдени даму тарихы

(1917-1940 жж.)


07.00.03 – Жалпы тарих (шығыс елдері)


Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның


авторефераты


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ә. Қ. Мұқтар


^ Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы

К. Ш. Хафизова


тарих ғылымдарының кандидаты

Ғ. Б. Жұматай


Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті


Диссертация 2009 жылы 27 қарашада сағат 14.00 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 55.40.03 Диссертациялық кеңесінің (050010, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) мәжілісінде қорғалады.


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы «07» қазанда таратылды.


^ Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы Ә. Қ. Муминов

КІРІСПЕ


Тақырыптың өзектілігі. Тарихтың ұзақ көшінде талай ауыр сынды басынан өткізген халқымыз әр кезеңдерде түрлі саяси, әкімшілік бөліністерге ұшырағаны белгілі. Бұл бөліністер біртұтас халқымызды ыдырату, бөлшектеу, сол арқылы өз саясатын тиімді жүзеге асыруды көздеген жымысқы саясаттың салдары екендігі де айқын. 1824 жылғы Кіші жүз қазақтарының хандық құрылымын жойған «Орынбор қазақтары» туралы патша жарлығының жариялануы қазақтардың әкімшілік басқаруына өзгеріс енгізді. Елу-жетпіс үй бір әкімшілік ауыл, он-он екі ауыл бір болыс, он бес-жиырма болыс бір округ, ауылды үш жыл сайын сайланатын старшина, яғни топ басы, болысты болыснай басқаратын болды. Бұл қазақтың бірлігін жоюға бағытталған арандатушылықтың бір көрінісі еді. Мұндай жағдай Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі және одан кейінгі жетпіс жыл бойында да өз көрінісін тапты. Кезінде көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары қарсы пікірлерін де айтты. Мәселен, Орынборда өткен жалпы қазақтың бірінші съезінде
Ә. Бөкейханов большевиктер ұсынған барлық елде пролетариат диктатурасын орнату арқылы ұлт мәселесін, мемлекет формасын шешу идеясын бірден жоққа шығарып: «Халықтың өз қалаулары бойынша өмір сүрулері қажет», – деп өз ойын ашық мәлімдеп сөз сөйледі [1, 38 б.]. Ол әр халықтың өзін-өзі басқару идеясын іс жүзіне асыру құқығын қолдады. Жалпы қазақ қайраткерлерінің негізгі мақсаты – қазақ халқын Ресей отарының қанды шеңгелінен босатып, тәуелсіз, еркін мемлекет құруға қол жеткізу еді. Бірақ оңтүстікте «Түркістан қазақтары, оның құрамындағы кейбір ру-тайпалары – «Бұқар және Қоқан қазақтары» немесе «Ташкент қазақтары», ал шығысы мен солтүстігінде «Сібір қазақтары», батыста «Астрахан қазақтары», «Орынбор қазақтары», «Саратов қазақтары» деген жасанды атаумен, «бөліп алда, билей бер» саясаты жалғаса бергені тарихи шындық.

Аласапыран жылдары тағдыр тәлкегіне ұшырап, небір қиыншылықты бастарынан өткізіп, ел асып, қыр асып, басқа елден пана іздеп кеткен қандастарымыздың өткені мен бүгіні және болашақтағы өмірі туралы жан-жақты саралап, тарихи зерттеулер жүргізу тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Сонымен бірге бір кезеңде атамекені болып еркін көшіп-қонып жайлаған ата-баба жері саналған, бірақ патшалы Ресей, кешегі кеңестік заманда өзге ел қарамағында қалған, бүгінге дейін ол жерлерден ешқайда жылжымай табандылық танытқан, шет елдердегі қазақтар ирредентін қалыптастырған қандастарымыздың өткені мен бүгінін зерттеу – ерекше маңызды мәселе. Сондықтан да сыртта жүрген қандастарымыздың бөгде ортадағы саяси мәртебесі мен олардың тарихи-мәдени даму кезеңдерін және деңгейін анықтау – бүгінгі күннің талабы. Бұл міндетті орындау – тарихшы қауым үшін ұлт алдындағы борышы болмақ. Соның көрінісі көрші Ресей мемлекеті құрамындағы Астрахан қазақтарының тарихына да қатысты.

Астрахандағы қазақтардың тарихи даму үрдісі Ресей мемлекетінің тарихи даму жағдайымен сабақтас болғандықтан, мәселені сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихымен байланыстыра қарап, зерттеуге, тұжырымдауға тура келеді деп ойлаймыз. Олай болса, алыс-жақын шетелдердегі қазақ бауырларымыздың қалыптасу, даму тарихын зерттеу дүниежүзі тарихы аясындағы тақырып болып есептеледі. «Астрахан қазақтары» дегеніміз – қазіргі кезеңде Ресей мемлекетінің аумағында өмір сүріп отырған, сол елдің азаматтығын алған қазақтар. Бірақ олар біртұтас қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі.

Қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер халқымыздың өткен тарихы мен мәдениетіне жаңа көзқараста талдау жасауға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы қыркүйек-қазан айларында Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы өткені мен бүгінгісіне талдау жасай отырып, болашақ тағдырымыздың қалай өрілетінін талқылау... Дүние жүзіндегі қазақтар қай елде жүрсе де, өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей жағдай жасау біздің болашақтағы маңызды міндеттеріміздің бірі», – деп баса атап көрсетті [2, 13 б.].

Қазіргі кезде қазақтар дүние жүзінің 40-тан астам елдерінде бар. Қазақстаннан тыс жерлерде 4 миллиондай қазақ тұрады, яғни әр үш қазақтың біреуі шетелде жүр. Олар қай елде жүрсе де тілін, әдет-ғұрпын сақтап қалған. Дүниежүзіндегі елдердің ішінде қазақтар көп шоғырланған елдің бірі – Ресей. Статистикалық деректер бойынша мұндағы қазақтар саны 635865 адам болса, оның ішінде Астрахан облысында 126500, Орынбор облысында 111477, Омбы облысында 75000, Саратов облысында 73400, Волгоград облысында 41500, Челябі облысында 3200, Қорған облысында 16000, Алтай өлкесінде 70000 қазақтар орналасқан [3, 120-135 бб.]. Соңғы есептерге сүйенсек, Астрахан облысында 142 мыңнан астам қандастарымыз қоныстанған, бірақ бұл ресми статистика. Жергілікті қазақтардың есебіне жүгінсек бүгінде олардың саны 200 мыңнан асқан. Олардың 95, 3 пайызы тілін, дәстүрін, тарихи қалыптасқан шаруашылық түрлерін сақтаған [4, 15 б.].

Зерттеу тақырыбына арқау болған Астрахан облысындағы қазақтар тарихы кеңестік қоғам дамуымен байланысты. Сондықтан Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі жылдардағы аймақ тарихына, тарихи оқиғаларға объективті түрде тұжырым жасау аса қажет. Осы кезеңдегі тарихи оқиғалар, яғни бірінші дүниежүзілік соғыс, Ақпан және Қазан төңкерістері, оған сабақтаса өрбіген азамат соғысы Астрахан өлкесі халқын қайғылы, қиын жағдайға душар етті. Осы жылдардағы Астрахан өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға қазақ халқының қосқан үлесі мол. Кеңестік кезеңде, 1928 жылы 28 маусымда Астрахан округінің дербестігін жою мақсатында әкімшілік-аумақтық қайта құру басталды. 1930 жылдың бірінші жартысында қажеттілікке орай орталықтандырылған әкімшілік-саяси аппарат құру аяқталып, әкімшілік-аймақтық бөлу жұмыстары басталды. Астрахан губерниясына қарасты уездерді ірілендіру, болыстар мен аудандарды және ауылдық қоғамды қайта құру бұрыннан жүргізіліп жатқан болатын. 1930 жылдан бастап Астрахан ауданаралық дәрежеде Нижне-Волжск аймағының, 1934 жылдан бастап Сталинград (Волгоград) аймағының құрамында болды. 1937 жылдың
16 маусымынан бастап Сталинград облысының құрамынан Астрахан округы болып қайта құрылып, орталығы Астрахан қаласы болып бекітілді [5, 72 б.]. Әкімшілік басқару жүйесіндегі мұндай өзгерістер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізбей қоймады және шаруашылықтың тарихи даму жағдайын да бұзды. Астрахан губерниясының негізі ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қазақ жерінің бір бөлігінен құрылғандығы баршаға аян. Қандастарымыз қайда, қашан, қалай, не себептен барып орналасқандығына қарамастан біртұтас қазақ ұлтының, қазақ тарихының құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан 1917-1940 жылдар аралығындағы Астрахан қазақтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихын зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарына жатады.

^ Тақырыптың зерттелу деңгейі. Астрахан облысы қазақтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихы біртұтас кешенді ғылыми тұрғыдан жеке тақырып ретінде арнайы зерттелмегенімен, олардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәліметтер белгілі дәрежеде ғылыми айналысқа енген. У.Х. Шәлекеновтің «Казахи низовьев Амударьи» [6], Г.М. Меңдіқұлованың «Социально-экономическая и культурная жизнь казахов Оренбургской губернии во второй половине ХIХ - начале ХХ в.» [7], Қ.И. Қобландиннің «История и современное развитие казахов в Узбекистане в XVIII-XXI вв.» [8],
Д. Ескекбаевтың «Орынбор қазақтарының этнографиясы» [9], И. Қабышұлы «Монғолия қазақтарының тарихы» [10], К. Балтабаеваның «Казахи и татары Западной Сибири (1919-1932 гг.)» [11], А. Коноваловтың «Казахи Южного Алтая» [12] атты еңбектері бүгінгі шет елдердегі қазақтардың тұрмыс тіршілігінен біршама мағлұмат береді. Сондай-ақ, К.Л. Есмағамбетовтің құрастыруы және ғылыми жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ диаспорасы. Этникалық бірегейліктің сақталу мәселелері» деген жинақта шетел ғалымдары Л. Бенсон мен И. Сванбергтің Қытайда тұратын қазақтардың Түркияға қоныс аударуы және олардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірі туралы жазған еңбектері қазақ тілінде жарық көрді [13].

Дегенмен, Еділ бойына қоныстанған қандастарымыздың ол жерде диаспора емес, өздерінің ежелгі ата-қоныстарында өмір сүріп жатқандығы кейде айтылып жүрсе де, өз дәрежесінде мойындалды дей алмаймыз. «Диаспора» сөзі грек сөзінен аударғанда «шашыранды өсу» деген мағынаны білдіреді, «репатрианттар» болса «өз атамекеніне қайтып оралғандар», ал «ирредента» дегеніміз көршілес мемлекеттерде тұрғанмен тарихи ата-бабаларымыздың жерінде орналасқан қандастарымыз. Біз зерттеп отырған тақырып осы ирреденттер тарихына арналған. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде де, қазір де Ресейдің құрамына кіретіндіктен, көрші елдегі қандастарымыздың өмір тарихы деп баяндауға тура келеді.

Астрахан қазақтарының тарихына қатысты арнайы ғылыми зерттеу еңбектері болмағанымен, жалпы Астрахан облысының пайда болу тарихы, оны мекендеген көп ұлтты халықтың тұрмыс тіршілігінен мағлұмат беретін зерттеулер баршылық.

Х. Ермұратовтың «Октябрь в ауле», «На земле народа–брата» [14] еңбектерінде қазақтардың Қазан төңкерісіне көзқарасы, олардың ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі, мәдени өмірдегі алатын орны қарастырылған. «История Астраханского края» [15] атты монографиялық еңбекте ұлтаралық қатынасқа және аз ұлттардың Кеңес үкіметінің солақай саясатына наразылық толқулары арнайы тарауға арқау болған. Сол сияқты
Г. Оразтаеваның «Жолдастық» қазақ тілі және мәдениеті қоғамының
10 жылдығына арналған «Астраханские казахи: история и современность» [16] кітабы да Астрахан қазақтарының өмірінен көптеген мағлұматтар береді.
Н.В. Челобановтың [17] ауыл шаруашылығын дамыту саласына байланысты еңбектерінде осы саладағы қазақтардың тікелей үлесі туралы жазылған. Еңбекте қандастарымыздың ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халық үшін Кеңес өкіметінің отырықшыландыру, жаппай тәркілеу саясаты оңай тимегендігі, соған қарамастан қазақтардың егін шаруашылығына тез икемделуінің арқасында көкөніс, бидай, күріш өсіріп, өнім жинауға қазақтар белсене қатысқаны айқындалған.

Біз зерттеп отырған Астрахан облысындағы қандастарымыздың негізін Бөкей Ордасы қазақтары құрайтындықтан академик С.З. Зимановтың «Россия и Букеевское ханство» еңбегінің маңызы зор. Бұл зерттеу еңбегінде Бөкей Ордасы жеріндегі қазақтардың орналасуы, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуы тарихы кеңінен қарастырылған [18].

Қазақ даласын отарлаудағы Ресей империясының қолшоқпары болған Жайық, Астрахан казак әскерлерінің жергілікті қазақ халқымен жер үшін тартысына, 1917 жылғы революциялық қозғалыстар кезіндегі көзқарастарына байланысты материалдарды 2000 жылы Ресей Ғылым академиясы жанынан жарық көрген «Казачьи войска Азиатской России в XVIII – начале XX века (Астраханское, Оренбургское, Сибирское, Семиреченское, Уральское)» [19] жинағынан көруге болады.

Ж.А. Ермекбаевтың «Российские казахи в составе РСФСР и СССР в 1917-1991 гг.» [20], Е.Б. Сыдықовтың «Казахстан в составе Российской Федерации (1917-1937 гг.)» [21], С.М. Исхаковтың «Российские мусульмане и революция (весна 1917 г. – лето 1918 г.)» [22] ғылыми зерттеу еңбектерінде Қазақстанның аталған кезеңдердегі экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму тарихын баяндаумен қатар, қазақтардың қиын тағдырына жан-жақты талдау жасалған. Т.А. Нұрпейісовтің «XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың басындағы қазақ ауылдары» монографиясы қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігінен мағлұматтар береді [23]. Диссертациялық еңбектердің тәуелсіздік алғаннан кейін жазылғандығы шетте жүрген қандастарымыздың тарихын шынайы түрде зерттеп, нақты пікір айтуға негіз болғандығына көз жеткізуге болады. Мәселен, Г.М. Меңдіқұлова өзінің «Казахская диаспора: история и современность» [24] атты монографиясында билеуші мемлекеттің отаршылдық саясатының құрбаны болған бауырларымыздың өз атамекенінде тұрса да, шекара бөлу кезінде отанынан шеттеп қалып тұрмыстың ауыр тауқыметін тартқанына қарамай ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу жолындағы күресі жөнінде жан-жақты ғылыми тұрғыда талдау жасаса, «Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие» [24] атты еңбегінде автор алғаш рет қазақ диаспорасының тарихи қалыптасуына, қазіргі жағдайына талдау жасайды. Автор шетелдік деректерді пайдалана отырып, Батыс Европада, Түркияда, Шыңжанда және АҚШ-та тұратын қазақтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрып тарихын кешенді түрде зерттеген. Сондықтан бұл еңбек теориялық және әдістемелік мазмұндылығымен ерекше құнды еңбек болып табылады.

Ө. Озғанбаевтың «Ресейдегі Дума саясаты және XX ғасыр басындағы Қазақстан: нақты тарихи талдау (1905-1917 жж.)» [25] атты ғылыми зерттеу еңбегінде қазақ халқының, соның ішінде Астрахан облысынан депутат болып сайланған азаматтардың өлкенің жер-су, дін мәселелерін шешудегі қажырлы еңбектері баяндалған.

Астрахан облысы тұрғындары балық, тұз, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысумен қатар, мұнай өндіру саласында да өзіндік үлес қосқандығы Ә.Қ. Мұқтардың [26] ғылыми еңбектерінде де зерттелінген.

Астрахан облысындағы сауатсыздықты жою, мәдени іс-шаралардың жүзеге асуы, мәдениет орындарының салынуы туралы құнды материалдар баршылық. Г. Оразтаеваның [27] еңбектерінде аз ұлттар арасындағы сауатсыздықты жою, жалпы мәдени ағарту жұмыстарына, соның ішінде қазақтар арасындағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарының тарихына талдау жасалғанмен, біз зерттеп отырған кезең ашылмаған. Біз XX ғасырдың 20-30 жылдарында Ресей жеріндегі ашылған қазақ мектептері үшін ең қиыны ана тіліндегі оқулықтардың жетіспеуі және халықтың білім алуға құлшынысы болғанымен, әлеуметтік жағдайларының төмен болуы себепті көп кедергілерге тап болғандығын мұрағат деректеріне сүйене отырып жан-жақты талдауға ұмтылдық.

И.И. Паниннің «История Астраханского края (1900-1940 гг.)» [28], В.В. Фильтустің «Астрахань: Краткий исторический очерк» [29] еңбектеріде тақырыбымыздың тарихнамалық негізін толықтыра түседі.

П.Н. Першин «Аграрная революция в России» [30] деген еңбегінің екінші томында Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдардағы ауылшаруашылығы коммунасының құрылуы мен дамуының тарихына тоқталды. П. Першиннің монографиясында коммунистік партия мен Кеңес өкіметі органдарының алғашқы ауылшаруашылығы коммунасын ұйымдастыру кезіндегі жүргізген үгіт-насихат жұмыстарына өте көп мән берген. Сонымен бірге автор ауылдардағы кедейшілікті жою жолында ауылшаруашылығы коммунасының орны ерекше деп көрсетеді.

Зерттеу жұмысының зерттелу деңгейін қарастыру барысында сол жылдары жарық көрген баспасөз материалдарының, әсіресе ұлт зиялыларының басшылығымен шығарылған «Қазақ», «Қазақстан» («Ұран») газеттерінің материалдары кеңінен пайдаланылғанын атап өту қажет.

2008 жылы Мәскеуде екі томдық «Ресей қазақтары» (Казахи в России) деген кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл жинақ ата-бабаларымызға арналған тарихи «ескерткіш» деп айтуға болады. Кітапта қандастарымыздың тарихи өсу, даму жолы және Кеңес өкіметін құру және оны нығайту жолындағы ерен еңбектері жалпылама баяндалған [31].

Қорыта келгенде, тарихнамалық талдау тақырыптың бүгінге дейін кешенді түрде арнайы зерттеу нысанасына айналмағандығын дәлелдейді.

^ Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Астрахан қазақтарының 1917-1940 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихын, яғни ХХ ғасыр басындағы «Әскери коммунизм саясаты», «Жаңа экономикалық саясат», жаппай ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін жылдарындағы Астрахан қазақтарының ел экономикасына қосқан үлесі, жергілікті халықпен қарым-қатынасы, әлеуметтік-мәдени өмірлеріндегі қиыншылықтар мен жетістіктерін анықтау және мәселені жан-жақты кешенді түрде зерттеу диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Зерттеу жұмысының мақсатына сәйкес төмендегідей міндеттер қойылды:

– Астрахан қазақтарының орналасу, қоныстану тарихын зерттеу арқылы 1917-1940 жылдардағы даму деңгейін анықтау;

– Астрахан қазақтарының қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар, мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің қызметтері арқылы көрсету;

– Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда қазақтардың Астрахан облысы экономикасының, әсіресе, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және тұз өнеркәсібі салаларының дамуындағы рөлін зерделеу;

– 1917-1940 жылдардағы Астрахан өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірін зерттеу арқылы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне жан-жақты талдау жасау;

– Мәдени-ағарту саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерге жан-жақты тарихи сипаттама бере отырып, Кеңес үкіметінің солақай саясатын ғылыми тұрғыдан саралау;

– Астрахан қазақтарының демографиялық жағдайымен, оған әсер еткен тарихи өзгерістердің ықпалын айқындау;

–  Астрахан қазақтарының Қазақстан Республикасымен көршілес облыстардағы қандастарымен байланыс деңгейін тұжырымдау.

^ Диссертацияның хронологиялық шеңбері 1917-1940 жылдар аралығын қамтиды. Бұл жылдар бірінші дүниежүзілік соғыс, Ақпан және Қазан төңкерістері, Кеңес Өкіметінің орнауы, азамат соғысы, елде жаңа кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасуы, «әскери коммунизм» саясаты, жаңа экономикалық саясат, яғни социалистік индустрияландыру, ауылшаруашылығын ұжымдастыру, сауатсыздықты жою, ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін оқиғаларымен ерекшеленеді.

^ Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Жалпы тарихта 1917-1940 жылдар аралығындағы Астрахан облысы қазақтарының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің тарихы алғаш рет жеке тақырып ретінде қарастырылып отыр. Бұрын ғылыми айналымға енбеген мұрағат деректері мен ғылыми еңбектерге сүйене отырып жүргізілген жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткіздік:

– Кеңес өкіметін орнату жылдарындағы Астрахан губерниясы жеріндегі қазақтардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігіне талдау жасалынды;

– жаппай сауаттандыру, ұжымдастыру жылдарындағы қиыншылықтардың негізгі себебі ғылыми тұрғыда анықталып, Кеңес үкіметінің аймақтағы орыстандыру саясаты баяндалды;

– Қазан революциясынан кейінгі өзгерістер, кеңестік билікке қазақ зиялыларының көзқарасы, Кеңес өкіметі қызметкерлерінің аз ұлт өкілдеріне көрсеткен озбырлық іс-әрекеттеріне ұлттық көзқарас тұрғысынан баға берілді;

– Астрахан облысы қазақтарының Қазан төңкерісінен кейінгі жылдардағы жалпы ел экономикасының, әсіресе, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және тұз өнеркәсібі салаларының дамуындағы рөлі алғаш рет жаңа тұрғыдан бағаланды;

–  Астрахан облысы жерінде қоныстанған қандастарымыздың шаруашылық-мәдени өміріндегі ерекшеліктері анықталып, оның тарихи себептері нақтыланып, мол мұрағат деректері алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді;

– 1917-1940 жылдар аралығындағы шаруашылықтың әр түрлі саласында қызмет атқарған қандастарымыздың ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі сарапталды;

–  1917-1940 жылдар аралығындағы тарихи оқиғалардың Астрахан қазақтарының демографиялық жағдайына тигізген әсерлері анықталып, олардың демографиялық дамуы жайлы тың тұжырымдар жасалды;

– қазақ халқының өткені мен бүгінін салыстырмалы түрде талдап, зерделеп қорытынды жасалынды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

– Астрахан қазақтары ата-бабамыздың тарихи Отанында отырғандарына қарамастан, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы солақай саясатының қиындықтарына тап болды, өз тарихи Отанына «кірме» атанды;

–  жаппай сауаттандыру, ұжымдастыру жылдарында бұрынғы Ресей империясының аймақтағы орыстандыру саясаты Кеңес өкіметі тұсында да одан әрі жалғасып, халықтың мәдени тұрмысын жақсарту жолында көптеген кедергілерге тап болды;

–  Астрахан қазақтарының Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі басқару саясатының түрлі ерекшеліктеріне байланысты ұлттық кемсітушіліктердің орын алуы билік органдарының солақай саясатының бір көрінісі болды;

– ұлт зиялылары Астрахан губерниясы жерінде орын алған келеңсіз оқиғаларға өз пікірлерін білдіргенімен, билік тарапынан қолдауға ие болмады. Аз ұлттар мүддесін аяққа таптау, кемсітушілік етек алды, бұл жағдай негізінен қарапайым халық арасында емес, билік өкілдері тарапынан болғандығы айқын көрініс берді;

– отарлық саясаттың нәтижесінде, яғни ұлттық, діни ерекшеліктердің жойылуы, дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы қазақтарды шаруашылықтың басқа салаларымен айналысуына мәжбүр етті;

– бірінші дүниежүзілік соғыс, Кеңес өкіметінің орнауы, азамат соғысы, жаңа экономикалық саясат, жаппай күштеп ұжымдастыру жылдарындағы қиыншылықтар Астрахан облысы тұрғындарын да айналып өтпеді. Тығырықтан шығу жолында барлық халықпен бірге қазақ бауырларымыз да аянбай еңбек етіп, қоғам дамуында көптеген жетістіктерге жетті;

– кеңестер тұсындағы солақай әкімшілік, әлеуметтік-саяси реформалардың Астрахан қазақтарының демографиялық өсіміне тигізген кері әсері қазіргі таңға дейін нақты көрініс беріп отыр;

– қазақтар арасындағы сауатсыздықты жою, оларды мәдени-көпшілік жұмыстарға тарту өз дәрежесінде жүргізілмеді, үнемі шектеу қойылып отырды;

– қазіргі таңда Астрахан губерниясындағы қандастарымыздың ұлттық тілі, діні, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары біртіндеп жойылуға айналған, ұлттық құндылықтар мәдени шаралар кезінде ғана көрсетіліп, насихатталатыны сипатталған.

^ Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Зерттеуде объективтілік, тарихилық, жүйелілік тәрізді ғылыми таным қағидаттары басшылыққа алынды. Зерттеу жұмысында сондай-ақ тарихшылар көзқарастарын салыстыру, талдау әдістері кеңінен қолданылды. Мәселені зерттеуде өркениеттік даму мәселелері басты назарда болды.

^ Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу барысы негізінен мұрағаттық құжаттар, жарияланған материалдар жинақтары, мерзімді баспасөз мәліметтері негізінде жазылды. Сондай-ақ бүгінгі күні Астрахан облысының қазақтар көп қоныстанған аудандарындағы көнекөз қариялармен кездесіп, олардың естелік-жазбалары, ауызша әңгімелері де дерек көзі ретінде жинақталды.

Ресей империясы жерінде қоныстанған барлық ұлттар мен ұлыстардың құқықтары туралы баяндалған «Полное собрание законов Российской империи с 1649 г.» [32] заңдар жинағы, «Борьба за власть советов в Астраханском крае» [33], «Установление советской власти и начало гражданской войны в Астраханском крае (март 1917 – ноябрь 1918 г. » [34] атты жинақтар Астрахан жеріндегі Кеңес үкіметін орнату жолында жүргізілген жұмыстар, сондай-ақ халықтың азамат соғысы жылдарындағы көрген қиыншылықтары туралы, соғыстың ел экономикасына тигізген зардаптарының қандастарымыздың әлеуметтік-мәдени тұрмысының төмендеуіне тигізген әсерін жан-жақты зерттеп, тұжырым жасауға септігін тигізді. Астрахан облысының экономикалық дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайы жөнінде баяндалған өлкелік конференциялардың материалдар жинағы да тақырыпқа сай мол деректер жинақтауға арқау болды. Дегенмен басты дерек көзі – мұрағат қорларындағы құжаттар екендігі сөзсіз. Оларды атап айтсақ:

1 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) № 4 «В. Плотников қолжазбалары», № 3380 «Астрахан облысы бойынша тұрғындар саны», № 1952 «Бөкей–Адай сауда қарым-қатынасы», № 1954 «Колхозшылардың білімін көтеру мектебінің жалпы жиналысы хаттамалары» қорларындағы мәліметтер.

2 Қазақстан Республикасының Президенті Мұрағатының (ҚРПМ) № 811 «Төңкерістер мен азамат соғысына қатысушылар мен оған куәгерлердің естеліктері», № 139, № 140 «Қазан төңкерісінен кейінгі шаруашылық салаларының жұмысы» атты құжаттары пайдаланылды.

3 Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ АОММ) № 1 «Аз ұлттар әйелдерінің еңбектері туралы», № 2419 Гурьев (Атырау) балық консерві комбинаты туралы, № 1351 қордағы Астрахан губерниясындағы ұлттық құрамы, мектептердің, мұғалімдердің, оқушылардың саны, жұмысы туралы, № 625 «Астрахан губерниялық Басқұншақ және Шапшақты тұз кендерінің бақылаушысы», № 386 «Астрахан аймақтық мұсылмандардың әскери-саяси ісі жөніндегі комиссариаттың бұйрықтары», № 1216 «Астрахан губерниялық атқару комитеті – әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі», № 2132 «Жарлы-жақыбайлардың өмірі», № 2122 «Коллективтендіру қорытындылары, ұлттық ерекшеліктеріне қарай колхозға біріктіру», № 1379 «Астрахан мемлекеттік Еділ-Каспий Балық өнеркәсібі тресті», №1390 «Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшілігі», № 3012 «Кіші-Арал тұз көлін өңдеу жөніндегі Халық шаруашылығы құжаттары», № 3119 қорында жинақталған Астрахан жеріндегі мұсылмандар арасында жүргізілген әскери-саяси жұмыстар, кейбір жазықсыз тергеу-тексеру жұмыстары, балық аулау, тұз өндіру жұмыстарына қазақтардың қосқан үлесі, жеке адамдардың іс қағаздары туралы материалдарымен қатар, № 1732 қорда сақталған тұз өнеркәсібі еңбеккерлерінің еңбегі, әсіресе, қандас бауырларымыздың қиын еңбектері туралы көптеген мәліметтерге қол жеткіздік.

4 Зерттеу жұмысының деректік негізін Ресей Федерациясы Астрахан облыстық қазіргі заманғы құжаттары мемлекеттік мұрағатының (РФ АОҚЗҚММ) да материалдары толықтыра түсті. Мәселен, аталған мұрағаттың № 1 «Астрахан губерниясы аз ұлттар жөніндегі жиналыстар мен партия конференцияларының хаттамалары», № 508 «Ауыл шаруашылығы дамуы мәселелері» қорларында Астрахан жеріндегі ұйымдастырылған колхоздар, ауыл шаруашылығы салалалары жұмыстары, партия, кеңес ұйымдарының жұмыстары туралы мәліметтер қамтылған.

5 Ал Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ ООММ) № 2263 «Орынбор губерниясы білім беру ұйымдарының хаттамалары», № 297 «Орынбор облыстық статистикалық комитет» қорларында тақырыбымызға қатысты тың деректер жинақталған.

6 Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының (ҚР АтОММ) № 5 «Жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутаттары Кеңесінің атқару комитеті» қорының құжаттары да осы зерттеу жұмысында ғылыми айналысқа енді.

7 Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының (ҚР БҚОММ)– № 307 «Бөкей губерниясындағы жұмыссыздықпен күрес және қоғамдық жұмыстар комиссиясы», № 309 «Бөкей губерниялық Денсаулық сақтау бөлімі», № 306 және № 310 «Бөкей губерниялық Халық ағарту бөлімі», № 312, № 370 қорларында «Бөкей губерниялық жұмысшылар Кеңесінің атқару комитетіне» қатысты және аймақтағы төңкеріс пен азамат соғысы жылдарындағы оқиғалар куәгерлерінің естеліктері жинақталған «Орал облыстық мұрағат комитетінің» № 36 қорларының құжаттары пайдаланылып, алғаш рет ғылыми айналымға енді.

Мұрағат қорларының ішінде Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында денсаулық сақтау, білім беру салаларына байланысты құжаттар көптеп кездесті, ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағаты мен Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатында Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі жылдардағы ел экономикасын дамыту жолындағы халықтың ерен еңбектеріне қатысты көптеген құнды деректер алдық, соның ішінде орыс халқына қарағанда аз ұлттарға, әсіресе, қырғыздарға (қазақтарға Н.С.) көп қысымшылық пен алалаушылық көрсетілгендігі мәлім болды.

Сондай-ақ, Астрахан облыстық қазіргі заманғы құжаттар мемлекеттік мұрағатында 1917 жылғы төңкерістен бастап кеңес өкіметі құлағанға дейінгі партия, кеңес органдарының атқарған қызметтерінің құжаттары сақталған. Астрахандағы партия, Кеңес органдарының аз ұлттар арасында жүргізген оқу-ағарту жұмыстары мен шаруашылық орындарындағы ұйымдастыру жұмыстарының жетістіктері мен кемшіліктерінен құнды деректер алуға қол жеткіздік.

Зерттеу барысында Н. Крупская атындағы Астрахан облыстық ғылыми кітапханасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстық кітапханалары қорлары мен мұражай құжаттары да зерттеу жұмысымыздың деректік негізін құрады.

Жұмысты жазу барысында 1917-1940 жылдардағы Астрахан облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени хал-ахуалын, халықтың тұрмыс-тіршілігін анықтау мақсатында «Астраханский вестник», «Правда», «Астраханский листок», «Коммунист», «Кедей тілі», Астрахан облысы журналистер Одағының «Наша газета», «Красный воин», «Известия Астраханского Совета» және «Казахстанская правда» басылымдары ақпараттық мағлұматтар алуға көмегін тигізді.

Сондай-ақ зерттеу еңбегінің авторы Астрахан облысы аудандарындағы қандастарымыздың арасында болып, олардың өмір тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен танысуы, жұмысымыздың шынайы шындыққа негізделіп жазылуына бірден-бір септігін тигізді.

^ Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы және сыннан өтуі. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Астрахан өңірін мекен еткен қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани өмірін жаңаша зерттеудің маңызы зор. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен алынған қорытындыларын жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттарына, аспиранттарына арналған оқулықтарда, арнаулы курстар мен семинарларда пайдалануға болады. Сондай-ақ қазіргі мезгілде мектеп бағдарламасында ТМД елдеріндегі қазақтар және ирреденттер мен диаспоралар туралы арнайы тақырып бар.

Диссертация Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті тізіміндегі басылымдарда жарық көрді. Сонымен бірге, мақалалар Алматы, Атырау, Қостанай, Орал және Тараз қалаларында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарының жинақтарында жарияланды.

^ Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.




Скачати 489.35 Kb.
залишити коментар
Сторінка1/3
Дата конвертації24.09.2011
Розмір489.35 Kb.
ТипАвтореферат, Освітні матеріали
Додати документ в свій блог або на сайт

страницы:   1   2   3
плохо
  1
Ваша оцінка:
Додайте кнопку на своєму сайті:
uadocs.exdat.com

База даних захищена авторським правом ©exdat 2000-2017
При копировании материала укажите ссылку
звернутися до адміністрації
Реферати
Автореферати
Методички
Документи
Поняття

опублікувати
Документи

Рейтинг@Mail.ru
наверх